KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

ШҚО Қоғамдық кеңесі Өскемендегі аурухананың жұмысын тексерді

21.10.2024, 16:00 96 Айна Ескенқызы

Шығыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесі жанындағы Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комитеттің белсенділері облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың қызметіне мониторинг жасады. Олардың аяқ астынан тексеріс жүргізуіне өскемендіктердің арыз-шағымдары негіз болыпты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде орталықтың жұмысына шағымданып, түнгі уақытта медициналық қызмет көрсету сапасына арызданған болатын. Нақтырақ айтсақ, КТ аппаратының істен шығуының салдарынан шұғыл түскен науқастарға тексерулерден өту мүмкіндігі болмаған.

Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының бас дәрігері Шолпан Мақашеваның айтуынша, бүгінгі таңда КТ аппаратының жоқтығы аурухананың басты проблемасы болып тұр. Өйткені орталық өңірдің түкпір-түкпірінен келген халыққа шұғыл медициналық көмек көрсететін стационарлардың бірі. Ал КТ аспабының істен шыққанына екі ай болған.

– Біздің орталық облыс бойынша жедел медициналық көмек көрсететін ауруханалардың бірі деуге болады. Жедел түскен пациенттердің 88%-ы шұғыл медициналық қөмекке зәру. Бізге бір тәулікте 180 науқасқа дейін жеткізіледі, олардың тек 26-27%-ын  ғана стационарға жатқызамыз. Тексерулердің басым бөлігі КТ аппаратында жүргізілгендіктен, жүктеме өте көп, аспап шыдамай кетті. Құрал 2013 жылы алынған, ескі. 2025 жылға біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаңа компьютерлік то- мограф сатып алуға өтініш бердік, – деп түсіндірді жағдайды орталықтың  бас дәрігері Шолпан Ермекқызы.

Бас дәрігер жедел түскен науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында алдымен облыстық онкология орталығымен келісім-шартқа отырғандарын, пациенттерді КТ-дан өту үшін сонда апарғандарын айтты. Қазір оларда да КТ аппараты сынып қалғандықтан, енді ана мен бала орталығымен келісім-шартқа отырыпты.

– Қазір біз ана мен бала орталығымен шарт жасастық, енді пациенттерімізді сол жерге апарып жүрміз, – деп қосты бас дәрігер.

Қоғам белсенділерін сонымен қатар КТ аппаратының сағат 20.00-ден кейін неге істемегені де қызықтырды. Шолпан Ермекқызының сөзіне қарағанда, аспап ескі болғандықтан тәулік бойы, 24/7 режимінде жұмыс істеуге шыдамаған.

Аурухананың бас дәрігері аспапты жөндеуге қажетті 12 миллион теңгеге жуық қаражатты жергілікті меценаттар – «ТМК» акционерлік қоғамынан сұрағандарын, мәселе оң шешімін тапқанын жеткізді. Айтысына қарағанда, ары кетсе екі апта ішінде жөндеуден өткен КТ аппараты қайтадан пайдалануға беріледі.

Ескі КТ аппаратын жөндеп, жаңасын сатып алғаннан кейін ауруханада екі компьютерлік томограф болады, бұл күні-түні жедел медициналық қызметті қажет ететін пациенттер легі толастамайтын қабылдау бөлімінің жұмысына оң әсер етері сөзсіз. Өйткені, кез-келген жабдық істен шығып қалғанда оның қызметін атқаратын қосымша аппараттың болғаны артық емес.

Біз облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығымен хабарласып, олардағы КТ аппаратының жағдайымен танысқан едік.

– Орталықтағы заманауи 128 кескіндемелі компьютерлік томограф ұзақ уақыт бойы 24/7 режимінде жұмыс істеді. Өзіміздің пациенттерден басқа емдеу мемкемелерінен шұғыл түскен науқастарға да қызмет көрсетті, жүктемесі шамадан тыс артып кетті. КТ аппараты 26 қыркүйекте істен шығып қалды. Отызыншы қыркүйекте қызмет көрсету ұйымы жабдықты жан-жақты тексеріп, ақауларын анықтады. Қазір қосалқы бөлшектердің сатып алуын тосып отырмыз,  – деп жауап берді онкологиялық орталықта.

Шығыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесі жанындағы Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комитет өңірдегі медицина саласының қызметіне қоғамдық бақылау жасайтын, саланың  ақсап жатқан тұстарын анықтап, тұрғындардың сапалы әрі толық медициналық көмек алуын қадағалайтын қоғамдық орган.

– Біз қоғамдық комитеттің жұмысын қайта жандандырып жатырмыз, тұрғындармен тікелей байланыста жұмыс істейтін боламыз. Облыстық мамандандырылған медициналық орталығына жасалған мониторинг алғашқы қадамымыз. Біздің сапарымыз мәселенің оң шешімін табуға көмектесіп жатса, басты мақсатымыз да – сол , – деді комитет мүшесі, ШҚО Азаматтық Альянсының төрағасы, қоғам белсендісі Аяужан Әшімова.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу