KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
485.04 525.98 5.04

Оралханның музей-үйін бірге аралайық...

Бүгін, 14:30 1 Ержан Әбіш

Шыңғыстай ауылының «Оралханның ауылы» деген бейресми атауы бар. Кіреберісінен-ақ жазушының туған өлкесіне ат басын бұрғаныңызды білесіз. Неге десеңіз, ауыл атауынан бөлек «Алтайдың жыршысы Оралхан Бөкейдің ауылы» деген жазу мен қаламгер бейнесі көзіңізге оттай басылады, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ала жаздай туристер бұрылмай өтпеген бірден-бір нысан – Оралхан Бөкейдің өзі тұрған музей-үйі, Бөкей ақсақалдың қарағайдан салған қара шаңырағы. Нысан былтыр жазушының 80 жылдығына орай меценат Серік Толықпаевтың демеушілігімен жөнделіп, қайта ашылған. Соған орай жазушының кеуде мүсіні жаңартылып, музей қоры да толықты. Мұнда жазушының балалық шағы мен студенттік кезеңдегі өмірі өткен. Музеймен бізді Әбдікерім болыс атындағы Шыңғыстай орта мектебінің педагог-психологы Альмира Сәрсембаева таныстырды.

Музейдің ауласына енгеннен-ақ өткен ғасырдың лебі ескендей болады. Қаламгердің анасы илеген тері бөстекті үстіне тастай салып, отырып ойлана кететін қара тасы да өз орнында. Осы тастың үстінде «Атау кере» повесі жазылған. Үйдің жанында үш есікті шағын үй бар. Оның бірі – отын қора, екіншісі – қойма, ортаңғы есік жазғы ас үй болған. Осы жазғы ас үйде анасы Күлия қонақтарға ақ дастарханын ұсынған.

Кіреберісін қоспағанда, музей-үй төрт бөлмеден тұрады. Кіреберіске Абайдың портреті, «Қар қызы» суреті, бүркіттің мүсіні сияқты музейге сыйға тартылған заттар орналасқан.

Бұдан кейінгі бөлме – ас бөлмесі. Мұнда Күлия анамыз тұтынған ыдыс-аяқ, шкаф, өз қолынан шыққан кестелі орамалы бар. Үстел үстінде «Апамның астауы» шығармасына арқау болған астау тұр.

Ас бөлменің оң жағында жазушының анасы Күлия мен әкесі Бөкейдің жатын бөлмесі. Мұнда олардың төсектері қойылып, портреттері ілінген. Күлия апамыздың сандығы мен іс машинасын, екі жақ қабырғаға ілінген тұскиізді көріп, сол заманға тап болғандай сезімде боласыз.

Оралхан ата-анасын ерекше сыйлап өткен. Бес қыздың арасындағы жалғыз ұл болып өскен оған халық «Алтайдың жалғызы», «Бөкейдің жалғызы» деп те ат қойған.

Келесі бөлме – жазушының жұмыс бөлмесі. Мұнда оның жазу үстелі, орындығы бар. Үстелде қарындасы Мәншүктің отбасылық фотоальбомы, өзі сүйіп оқыған Иса Байзақовтың кітабы, достары тарту еткен сыйлықтары, қара портфелі қойылған. Фотоальбомның ішінен қаламгердің Жазушылар одағындағы визиткасын, бірінші жары Айманмен таныспақ болып ойдан құрастырған туған күніне шақыру қағазын, жазушы Дидахмет Әшімханға жазған жеделхатын көре аласыз.

1962 жылы алғашқы еңбекақысына ата-анасына әперген диваны мен теледидары, бильярд ойнаған кий таяғы да осы бөлмеде. Теледидардың жанындағы кітап сөресі достары сыйға тартқан кітаптар мен естеліктерге толы. Шкафтың жоғарғы тұсында қарындасы Мәншүктің портреті ілінген. Жазушы үлкен ортаға қадам басып, Шерхан Мұртазадай ұстаздан тәлім алуына қарындасының үлесі зор екенін айтып өткен. Алматыға кеткенде қыз бала болса да осы қарындасы ата-анасының қамқорлығын өз мойнына алған.

Бұдан кейінгі төргі бөлме – жазушының төсегінің көшірмесі, 1968 жылы Шолпан апайына сыйлаған радиоласы, мұражай ашылғанда сыйға тартылған шапан, домбыра, қамшы, кілем сынды заттар, жанұялық суреттерінің топтамасы қойылған жатын бөлме. Бөлменің бір бұрышындағы сөреде Оралхан бірінші сыныпқа барғанда соғылған қоңырау, достары сыйға берген қанжары, бозбала кезінде таққан «Слава» сағаты, сондай-ақ өмірінің соңына дейін ұстаған «Зенит» фотоаппараты қойылған. Сөренің жоғарғы тұсына жазушы өзі сатып алған «Найзағайдан қашқан балалар», «Белгісіз» картиналары ілінген.

Музей қызметкері Динараның айтуынша, мұнда жаз бойы небір зиялы қауым өкілдері қонақ болып, тамсанып қайтқан. Тек бір мәселе – музей әлі мемлекет қамқорлығына толық алынбаған. Сол себептен оны жөндеу, қыста отын-сумен қамту да мәселеге айналып отыр. Аудан әкімдігі қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, бұл сұрақ облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп шешімін табады. Қазір құжаттары дайындалып жатыр.

Осы мәселе тездетіп шешіліп, жазушының көзіндей болған орда көзден тыс қалмай, лайықты дәрежесін алса екен дейміз. Оралханның өзі «Шыңғыстайға барайық» деп шақырып кеткен киелі мекенге келгенде музейдің есігі жабық тұрса, экскурсия жүргізетін нақты маман болмаса, абаттандыру жұмыстары жасалмаса, кімге де болсын сын болары анық.

 Дана Әбдікәрім

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив