Жарма ауданында ірі жобалар жүзеге асырылуда
Жарма ауданында табиғи байлықтарды игеру, жаңа өндірістерді ашу мақсатында Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасына жалпы сомасы 167 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын 5 жоба енгізілген.
Аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, оның бірі «Казахцемент» ЖШС-нің цемент және клинкер өндіретін зауыты 2012 жылы іске қосылып, жобалық қуатына көшкен. Екінші жоба – «Теньши» серіктестігінің әктас өндіретін зауыт құрылысы, бұл жоба да аяқталып, іске қосылған.
Мұндай маңызды жобалардың қатарын Бақыршық тау-кен байыту комбинатының құрылысы құрайды. Зауыт құрылысына 2016 жылы 29 млрд. теңге тартылса, 2017 жылы – 54,7 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Биылғы жылы бұл ірі нысан іске қосылады деп күтілуде.
– Аудандағы төртінші жоба – «Жангиз Солар» ЖШС-нің Жанғызтөбе кентіндегі «Қуаттылығы жылына 30 МВт-тық күн электр станциясын салу жобасы». Оның құны 17 млрд. 500 млн. теңге. Бүгінгі күнге жол картасы жоспары бойынша жұмыстар жүргізілуде, жыл соңына дейін аяқталмақ. Сондай-ақ, «АС Горняк» ЖШС-нің жылына 250 мың тонна кен шығаратын алтынды кен өндіру жөніндегі завод құрылысы бесінші жоба, мұның құны – 7,7 млрд. теңге болады. Құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталмақ, - дейді Нұрлан Сыдықов.
Сондай-ақ, аталмыш бағдарламадан тыс «Васильевское»ТКМК» ЖШС «Васильевское» кен орнында алтынды шоғырлы сілтіден айыру зауытының құрылысын аяқтап отыр. Мұнымен қатар үстіміздегі жылы «Шұғыла Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алтын өндіру зауытының құрылысын бастамақ.