KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями Штиль
481.84 531.33 5.07

«Торпедоны» қандай өзгерістер күтіп тұр?

19.03.2018, 14:45 186

«Торпедо» хоккей клубының басшылығы команданың бас бапкері Мисхат Фахрутдиновпен арадағы келісімшартты бұзбақ емес. Бұл жөнінде жақында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.


Хоккей клубының президенті Николай Проскуриннің айтуынша, команданың қазіргі бас бапкері өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Биыл «Торпедо» Жоғары хоккей лигасының бас жүлдесі Петров кубогы үшін күресті плей-офф кезеңінің 1/8 финалынан аяқтауға мәжбүр болса да, Мисхат Фахрутдинов қызметінен кетпейді.


– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі бас бапкер қызметіне тұрақты чемпионаттың бел ортасына қарай ғана кірісті. Яғни, команданы өз ыңғайына қарай жасақтап, ойын өрнегін өзгертуге бәлендей уақыты болған жоқ. Сол себепті, Мисхат Кашафутдинұлымен әріптестігімізді тоқтатпау дұрыс болар деп ұйғардық. Бас бапкер мен хоккейшілердің биылғы маусымның қорытындыларын шығарып, алдағы жарысқа тиянақты дайындалуына бөгет жасамайтын боламыз. Қайта жаттықтырушымен бірлесіп, команданы күшейте алатын жаңа ойыншыларды іздестірмекпіз, – деген өскемендік хоккей клубының басшысы Астананың «Барысымен» әріптестік туралы да сөз қозғады.

Белгілі болғандай, «Торпедо» басшылығының елордалық хоккей клубымен жасаған қазіргі келісімшартына көңілі толмайды екен. Оған бірнеше себеп бар. Олардың негізгісі «Торпедоның» көп жағдайда астаналық команда сұратқан хоккейшілерді тегін беріп, артынша дәл сол ойыншыларды ақшаға сатып алатындығы болып тұрған көрінеді. «Сол себепті астаналық клубпен әріптестігіміздің шарттарын қайта қарағымыз келеді» дейді Николай Проскурин.


Баспасөз мәслихаты барысында, сонымен қатар негізгі құрамға жергілікті хоккей мектебінің түлектерін тарту, «Алтай Торпедо» командасының мәртебесін арттыру, Б.Александров атындағы Спорт сарайына келуші жанкүйерлерге қажетті жағдай жасау, кіру билетінің құнын арзандату сияқты мәселелер сөз болды. Оның соңғысына қатысты «Торпедо» Президенті: «Билет бағасын арзандатпаймыз. Жаңа маусымда абонементтер құны өзгеріссіз қалады» деп жауап берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив