KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
443.44 480.51 4.88

Жастар театры көрермен назарына «Айналайын» драмасын ұсынды

14.03.2018, 03:00 112

Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар театры тәжік драматургі әрі режиссері Барзу Абдураззаковтың «Айналайын» драмасын көрермен қауымның назарына ұсынды.


Пьесаның негізгі аты «Сәлем, мама, бұл мен» деп аталады. Бірақ қойылымның режиссері Айдын Салбан оны «Айналайын» деп өзгертуді жөн деп тауыпты. Шынында да ананың мейірімін, ананың жылуын «Айналайыннан» артық қандай сөзге сыйғызуға болады.


Қойылым бір қарағанда, іш пыстырарлықтай көрінуі әбден мүмкін. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас телефондағы әңгіме арқылы өрбиді. Самайын қырау шалған ананың ермегі үйдегі жалғыз телефон. Байғұс ана сол телефонның шырылын естімей қалмайын деп, тіпті ваннаға баруға да қорқады. Бірақ, өзі біліп қоңырау шалып, анасының халін сұрайтын ұл қайда? Бұл күнде ол үлкен мансап иесі. Қат-қабат жұмыстан мүлдем қолы да тимейді. Кейде тіпті анасының қоңырау шалғаны оның жүйкесіне тиеді. Ал анасы жалғыз ұлымен сөйлескісі келеді... Ұлымен ұзақ сөйлесу үшін тіпті үйде тарақандардың пайда болғанын, шаш кептіретін фен алғанына дейін әңгіме етеді... Ұлының амандығын білсе, ұлының дауысын естісе, ана байғұстың жаны тынышталады.


Қоюшы режиссер Айдын Салбанның айтуынша, бұл пьеса осыдан біраз жыл бұрын Петропавлдың С.Мұқанов атындағы драма театрында сахналаған екен. Қойылымда режиссердің өзіндік қолтаңбасы да жақсы байқалып тұр. Пьесадағы ана, ананың аялы алақаны, ажырасу, басқа да өмір түйткілдері туралы монологтарды режиссердің сәтті шешімі деп айтуға толық негіз бар. Пьесаны Шығыс Қазақстан облыстық Жастар драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева аударған көрінеді.


- Бұл тәжіктің белді драматургі әрі режиссері Барзу Абдураззаковтың дүниесі. Татарстан мен Ресейдің театрларында талай сахналанып жүрген қойылым. Пьесаны мен төртінші курста оқып жүрген кезімде орыс тілінен аударған едім. Кейін Петропавлдегі С. Мұқанов атындағы драма театрында Фархад Молдағалиевтің режиссерлігімен сахналанды. Бұл қойылым негізінен ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы ғана емес, мұнда қоғамдағы өте өзекті мәселелер де қозғалады. Көкек аналардың баланы далаға тастауы, қылмыс, жемқорлық, ажырасу – бәрі бар. Бұл мәселелердің аясы режиссердің қосқан монологтары арқылы тіпті ашыла түседі. Негізінде монологтар пьесада жоқ. Сонымен қатар, актерлер де өте мықты ойнады. 1 сағат 20 минут бойы көрерменді тапжылтпай ұстап отыру, бұл үлкен шеберлікті талап етеді, - дейді Жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева.

 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив