KZ
Өскемен
+1°
пасмурно жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Өткен жылы 182 өтініштің 130-ы оң шешілген

16.02.2018, 11:29 267

2017 жылы облыстық қоғамдық кеңес өзінің қызметін «Қоғамдық кеңестердің қызметі арқылы аумақтарды басқаруға тұрғындарды тарту жолымен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» мақсатындағы облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының аясында жүзеге асырған. Бұл мақсатқа былтыр 17,6 млн теңге бөлінген.


Бұл жөнінде БАҚ өкілдері алдында былтыр атқарған жұмыстарының есебін беріп, алдағы жоспарларымен бөліскен аталмыш кеңес төрағасы Владимир Головатюк баян етті. Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырысты конкурстық негізде жеңіп алған «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қоры арқылы кеңесті қаржыландыру механизмі қаржылық қолдау білдірумен қатар, орталық тренерлері арқылы қалалық және аудандық қоғамдық кеңестерге көшпелі оқытуды жүргізуге де мүмкіндік ашқан.


– Жыл басынан бері кеңеспен, сараптау жұмыс тобымен 144 отырыс өткізілсе, соның ішінде 9 қоғамдық тыңдау, 21 көшпелі мәжіліс ұйымдастырылды. 139 жоба бойынша нормативтік құқықтық актілер қаралып, тиісті ұсыныстар берілді. Олардың ішінде облыстық мәслихаттың шешімі – 25, облыс әкімдігінің қаулысы – 114. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету, білім беру, ТҮКШ, экология, жастар бағдарламаларын іске асыру қызметінің сапасына мониторинг бойынша 28 рейд жүргізілді. Кеңестің қоғамдық қабылдауында 182 өтініш қаралып, тиісті мемлекеттік органдарға сұраныс жіберілді, оның 130-ы оң шешімін тапты, - деді кеңес төрағасы.

Владимир Головатюктің айтқанындай, өткен жылы кеңестің мәжілістерінде бірқатар проблемалы мәселелер де қарастырылған. Мәселен, ағайынды Абдуллиндер атындағы атындағы облыстық өнер колледжінің, облыстық онкологиялық диспансер ғимараттарының күрделі жөндеуіне, Чернобыль АЭС-дағы апатты жоюға қатысушылар мен мүгедектердің, өңірдің денсаулық саласының мәселелеріне кеңестің араласуына тура келген.


Облыстық қоғамдық кеңестің құрамында бүгінгі уақытта әр саланы қамтыған 12 сараптау жұмыс тобы бар. Олардың ішінде денсаулық сақтау, экология, рухани келісім, ерекше қажеттілігі бар азаматтар құқығы бойынша жұмыс топтары өз жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Мысалы, рухани келісім бойынша жұмыс тобына Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік бөлімшесінің өкілдері, сазгерлер, суретшілер, «Звено Алтая» облыстық әдеби бірлестігінің активі, дін қызметкерлері кіреді. Кеңестің қолдау білдіруімен былтыр үздік аймақтық авторлардың кітаптарын шығаруға 23 млн теңге қаржы бөлінген.


Кеңестің жұмысына тілшілер тұрақты қатысады, 2017 жылы БАҚ-та 195 материал жарияланса, оның 171-і өңірлік, 24 республикалық ақпарат құралдарында жарық көрген.


– Ал 2018 жылы коммуникативтік іс-шараларды (тиісті сала мамандарының, кәсіпкерлердің қоғамдық ұйымдардың, сарапшылардың қатысуымен конференциялар, дөңгелек үстелдер, пікір-таластар) өткізбекпіз, «Қауырт желі – Қоғамдық кеңес қабылдау» жалғасады, қалалық, аудандық кеңестердің қызметіне мониторинг, олардың рейтингін жасау, қоғамдық кеңес мүшелерін оқыту жоспарлануда, - деді есепті жиынды қорытындылаған Владимир Головатюк.

 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив