KZ
Өскемен
+21°
небольшой дождь жел 2 м/с, Ю
443.72 482.28 4.9

Шучинскте өтетін ақтық сынға жолдама алды

14.02.2018, 10:22 138

Өскеменде «SportFEST Kazakhstan» жобасының облыстық іріктеу ойындары мәресіне жетті. Үш күнге созылған жарысқа облыстың аудан-қалаларынан 500-ден астам 8 бен 10-сыныптардың оқушылары қатысып, республикалық жарысқа берілетін жолдамаларды сарапқа салды.


Айта кетейік, аталмыш ойындарды «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» жеке қоры өткізіп келеді.


«SportFEST Kazakhstan» жобасының жетекшісі Бағлан Сағынбайдың айтуынша, жарыстың ерекшелігі оған тек ешқандай спорттық жетістігі мен разряды жоқ оқушылар ғана қатыса алады. Бұл өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортпен айналысушылар санын арттыру мақсатында жасалып отырған әрекет, дейді ол.


– Шығыс Қазақстан мұндай жарыс ұйымдастырылған 12-ші облыс атанып отыр. Бұған дейін еліміздің 11 өңірінде дәл осындай іріктеу кезеңдері өткен болатын. Жалпы, республикалық жарысқа ұзын саны алты мыңнан астам оқушы қатысады деп жоспарлануда. Осындай ауқымды спорттық шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту арқылы жастардың бойына отансүйгіштік сезімін ұялату, – дейді Бағлан Сағынбай.

Жоғарыда айтылғандай, іріктеу ойындарына облысымыздың түгелдей дерлік ауданы мен қалаларының оқушылары қатысты. Жас спортшылар шағын футбол, баскетбол, әскери-қолданбалы спорт, шахмат пен тоғызқұмалақтан өзара мықтыны анықтады. Сайыстар қаладағы бірқатар оқу орнының спорт залдары мен Жекпе-жек сарайында өтті. Ал ойындардың ашылу салтанаты мен жабылу рәсімі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде ұйымдастырылды. Бұл шараларға облыстық білім, денешынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, сондай-ақ танымал спортшылар қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.


Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша, тұғырға көтерілген командалар мен спортшылар демеушілер атынан бағалы сыйлықтарға, кубоктар мен медальдарға ие болды. Ал шағын футбол сайысында топ жарған Аягөз ауданының командасы мен әскери-қолданбалы спорт түрінде үздік атанған Глубокое ауданының оқушылары басқа да жеңімпаздармен бірге алдағы маусым айында Щучинск қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында өтетін «SportFEST Kazakhstan» жобасының финалына қатысу бақытына ие болды.


Сондай-ақ спорттық шараның жабылу салтанатында ұйымдастырушылар атынан Күршім ауданындағы Ю.Гагарин атындағы мектепке спорттық құрал-жабдықтарды табыстау рәсімі өткенін айта кеткен орынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив