Зырянда көппәтерлі үйлер бой көтере бастайды
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Зырян ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуіне қатысты. Аудан басшысы Нұржан Тоқсейітов өңірдің өткен жылда жеткен жетістіктері мен табыстары туралы кеңінен тоқталды.
Даниал Кенжетайұлы жергілікті әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, аудандағы барлық игі бастамаларға, оның ішінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қолдау білдіретінін жеткізді. Өз кезігінде аймақ басшысы зыряндықтардан өз аулалары мен үйлерін ретке келтіруді талап етті. Келесі сапарында осы тапсырманың орындалу барысын жіті тексертетінін де ескертті.
Қазіргі кезде ауданда соңғы отыз жылда болмаған құрылыс жүріп жатыр. Аймақ басшысы кездесу барысында облыстық бюджеттен 100 пәтерлі көпқабатты үйді салуға қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Аудандық әкімдік ғимараттың жобалық құжаттарын әзірлеуге тапсырма алып отыр.
Бүгінгі таңда Зырян қаласында пәтер кезегінде мыңға жуық адам тұр. Былтыр кеншілер қаласындағы Рудный көшесінде 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталған. Атап өтерлігі, бұл Тәуелсіздік алғаннан бергі қалада салынып жатқан тұңғыш көпқабатты тұрғын үй. Күзде құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, енді жекеменшік тұрғын үй салуға 20 сотық жер телімі бөлінетінін айтты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын бұл үйлер бірыңғай сәулет стилінде болмақ.
– Біз тағы бір 100 пәтерлі үйдің құрылысына қаржы бөлеміз. Сомасы 800 миллион теңге шамасында болады. Бұл құрылыс саласына жақсы серпін бермек. Ендігәрі жыл сайын Зырян қаласында кем дегенде 100 пәтерден салынып отыруы тиіс. Жекеменшік баспана құрылысын да дамытамыз. Жер телімдері қарастырылып қойылды, – деді жиында Даниал Ахметов.
Жекеменшік тұрғын үйлер салынатын аумаққа қажетті коммуникациялар тарту жүріп жатыр. Ниет білдіргендерге 11 дайын типтік жоба ұсынылады. Бағдарламаға әрбір азамат, оның ішінде Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары да қатыса алады.