KZ
Өскемен
+3°
туман Штиль
478.93 534.96 5.16

Қолмен жасалған ғажайыптар

7.02.2018, 07:23 277

Қай әйел әдемі әшекейлерді жақсы көрмейді дейсіз: моншақ, жүзік, білезік, сырға. Бұлардың кезкелгені әйел келбетін әдемірек, сәндірек, тартымды етіп көрсетеді! Сондықтан да модамен қатар жүретін сәнқой аруларды, әдемі әшекейлерді тамсана тамашалап, жақындап қалған Әйелдер мерекесіне өз сыңарларына сыйлық алғысы келетін адамдардың барлығын Шығыс Қазақстан өнер музейінде ашылған «Қолмен жасалған ғажайыптар» атты көрмеге шақырамыз.


Соңғы уақыттарда, заманауи әлемде қолдан жасалған әшекей бұйымдар сұранысқа көбірек ие болуда. Бұл тек әсемдік бұйымдар немесе модаға еліктеу емес, тіпті ең бір қарапайым образға өзіндік «ерекшелік» беріп, оның иесінің бірегей стилін нақтылап тұратындай әдемі керек-жарақтар. Шебердің қолынан шыққан көз жауын алар жауһарлар жасалған табиғи материалдарының сан түрлілігімен адамды таң қалдырады.



Қолөнер шебері Ирина Шальневаның көрмеге қойылған дизайнерлік жұмыстары нәзік жандылар өкілдерінің арасында біршама танымал болып қалған. Ирина нақты өсімдіктерден – гүлдерден, жапырақтардан, гүл шоқтары мен шөптерден ерекше әдемі әшекейлер жасайды. Өсімдік бөліктері алдынала кептіріліп, содан соң үстінен зергерлік шайырмен бастырылып құйылады. Шайыр мөлдір болғандықтан әшекейлерді жасағанда ол гүлдерді, жапырақтарды бүлдірмей, жаратылыстағыдай түрін сақтайды.  Мұнда ежелгі шөппен емдейтін әйелдердің осы уақытқа дейін олардың ұрпақтарының жадында қалған бір таңғажайып сыйқыр бар сияқты.Өзінің жұмыстары туралы Иринаның өзі «Жауһарларды табиғаттың өзі жасайды, ал мен сол бір қайталанбас әдемілікті, әрбір жапырақтағы мұлтіксіз кемелділікті және өмірдің көзге көріне бермейтін құпияларын өзімнің әшекейлерімде сақтаймын», - дейді. .


Мұндай әшекейлерді жасау Шығыс Қазақстанда сирек кездеседі. Өскеменде мұндай таңғажайыптарды жасайтын бірден бір шебер осы Ирина Шальнева ғана болар. Бір түйір мүк немесе раушан гүлінің қауызын шайырмен құйып қатыру дегеніңіз нағыз ғажап емес пе.



Өзінің бұйымдарына қажет түрлі өсімдіктерді Иринаның өзі жинап, кептіреді. Сондай-ақ, өзі өсірген бөлме өсімдіктерін де пайдаланып, оларды зергерлік шайырдың көмегімен жайнатып жібереді. Шындығында ол флораға тұмар, алқа, сырға, сәнді түйреуіштер түріндегі екінші ғұмыр сыйлайды...


Иринаның өз бұйымдарының сапасына деген талабы өте жоғары. Ал күрделі де құбылмалы болып келетін эпоксидті шайырмен жұмыс істеу өте қиын және көп еңбекті қажет ететін процесс.


Ирина Шальнева білімі бойынша - педагог, психолог,Өскеменде тұрады және жұмыс істейді. Педагогикалық училищені бітірген соң балабақшада бейнелеу өнерінің оқытушысы болып еңбек етті. Сондықтан да, қол еңбегі - мамандығының да, өмірінің де ажырамас бөлшегі. Қазір ол Шығыс Қазақстан өнер музейінің музей педагогикасы секторының меңгерушісі, балаларға бейнелеу өнерін таныстырады. Алайда, уақытының тығыздығына қарамай Ирина бос уақытының барлығын әдемі әшекейлер жасауға жұмсап, өзінің шеберлігін үнемі жетілдіріп отырады.


Көптеген әйелдер Ирина Шальневаның жасаған әшекейлерінің адамның психологиялық сезіміне игі әсер ететіндігін, тіпті иелеріне сәттілік әкелетіндігін айтып отырады. Ал мұның барлығы  олардың әрқайсысын  шебердің  асқан сүйіспеншілікпен, әрбір бұйымды жан-тәнімен, үлкен сезіммен жасайтындығында жатыр. Өз бұйымдарында Ирина нәзіктік және табиғатпен бірлестік идеясын жүзеге асырған.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив