KZ
Өскемен
+11°
небольшая облачность жел 1 м/с, СШ
439.43 473.31 4.82

Семей - болашағы зор, әлеуметтік-экономикалық дамуы озған іргелі өңірге айналмақ

7.02.2018, 05:15 251

Семей қаласына қарасты елді-мекендер мен шалғай жатқан ауылдар алдында халықпен кездесіп келген соң  қала әкімі Ермак Сәлімов енді қала тұрғындарымен кездесуін бастады. Семейдегі Офицерлердің қалалық Мәдениет үйінде тұрғындар алдында есеп берді.  Қала басшысының есебіне облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп қатысып отырды.


Семейдің дамуына байланысты жоспарлардың орындалу барысы өте сәтті жүріп жатыр. Қала әкімі Ермак Бидахметұлының айтуынша, қазіргі уақытта Семейдің экономикалық тұрғыдан жағдайын жақсарту мақсатында қалаға инвестиция тартуға жол ашылған. Нақты айтқанда, өткен жылы 11 млрд. теңгенің инвестициясына қатысты құжаттарға қол қойылыпты. Сонымен қатар Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауда көрсетілген негізгі міндетемелердің орындалуына қатысты да атқарылып жатқан шаруалардан хабардар етті. Бұл тұрғыда Семейдің ұтатын саласы өнеркәсіптің өрлеуінде жатқандығын айтқан қала әкімінің мәлімдеуінше, ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етудің жолға қойылғандығынан бөлек, жиһаз өнімдерін, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарының жұмысын жандандыруға көңіл бөлінген екен. Қала экономикасының күретамыры іспетті ауылшаруашылығы саласында да оңтайлы өзгерістер бар.


-Өткен жылдың қорытындысы бойынша Семей өзінің жеке кіріс көзі 120,7 пайызға орындады,-деді әкім Ермак Бидахметұлы,-соңғы үш жылда қаланың жеке кірісі 4,5 млрд. теңгеге артып отыр. 2017 жылы қала бюджеті 35 млрд теңге болса, ал 2018 жылы барлық деңгейден келетін түсім бойынша қала бюджеті 67 млрд теңге болмақ. Бұдан біраз жыл бұрын бөлінген ақша уақытында әрі тиімді пайдаланылмай бюджетке қайтарылушы еді. Енді ондай ысырапқа жол берілмейтін болды. Бұған жыл басында облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірлесе қабылданған Семейді дамытудың үш жылдық жоспары пайдасын тигізді. Жоспарды ҚР Премьер-министрінің алдында қорғап келдім.  Қазір Семейдің дамуына қатысты барлық  мәселе Даниал Кенжетайұлының тұрақты бақылауында. Қаланы дамыту, жол жөндеу, құрылыс жүргізу – бәрі осы жоспар аясында жүреді. Қарағайлыда тұрғын үйлер, балабақша, спорт нысандары салынып жатыр. Барлық коммуникациялар тартылған.

2017 жыл Семей қаласы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызды кезеңнің бірі болып тарихта қалды. 2018 жылы қаладағы білім саласына ерекше мән беріліп, қаржының біраз бөлігі осы бағытта бөлінбек. Өткен жылғыдай биыл да инвестиция көлемі ұлғайып, құрылыс саласы қарқынды дамитын болады. Ең басты инвестициялық жоба «Абай-Арена» кешені. Осының барлығы облыс әкімінің тапсырмасымен Қарағайлы ауданын көркейтуге арналған шара бойынша атқырылып жатқан істер. Қарағайлы ауданында 14 көппәтерлі үйлер тұрғызу үшін 3 миллиард 743 млн теңге бөлінбек.  Жалпы, қалада 20 үй пайдалануға берілді. 608 отбасы баспаналы болды. «Нұрлы жер» бағдарламасымен Ақсай ауданында жеке үйлер сала бастаймыз. Бұған арнайы тізім бойынша кез келген адам қатыса алады. Сондай-ақ, Ұшақтар мен Қарағайлы аудандарында екі балабақша құрылысы, ал Ақсайда балабақшаның жобасы жасалмақ.


[su_slider source="media: 23414,23415,23413,23412"]


Қаланың ішкі көше жолдарын жөндеп, дамытуға өткен жылы 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Негізгі 929 млн теңге қаладағы 8 көшені жөндеуге берілген екен. Ағымдағы жөндеудегі 57 мың шаршы метрдей жолға 200 миллион теңге бөлініпті. Сондай-ақ, жаңбырлы, лайсаң күндері су ағатын құбырларды жөндеуге 107 млн теңге қарастырылған.


-Біз Чайковский, Аймауытов, Бозтаев, Титаев, Дулатов, Найманбаев көшелері мен Жансая базары аумағындағы көшелерді тәртіпке келтірдік. Енді бұл маңдарда су басу қаупі сейілді,-деді Ермак Сәлімов.

Биыл жолдарды жөндеуге 2 миллиард 195 миллион теңге бөлініп отыр. Осы қаржыға Семейде 17 көше жөнделуде. Барлығы 25 шақырымды құрайды екен.


Осыларды айтқаннан кейін қала әкімі қоғамдық көлік тасымалы мәселесіне де тоқталып кетті.


-Біз сот арқылы қаланың 8 бағытына жүретін 5,  8, 10, 22, 24, 37, 43 және 45 бағыттағы тасымал иелерімен келісімшартты тоқтаттық,-деді қала әкімі Ермак Бидахметұлы,-олар басқа тасымал қызметіне берілді. Жаңа басшылар өздерінің автобустарын жаңартамыз деп отыр. Біз осы орайда 5 және 8, 22 бағыттағы автобустар бойынша «Ютонг» маркалы жаңа 20 автобусты іске қостық. Ақпан айында тағы да 15 автобус беріледі. Автобустардың барлығы да жергілікті «СемАЗ» ЖШС-інде жасалған. Алдағы уақытта тендер тәртібін, шарттарын да қайта қарайтын боламыз.

Биыл Қайнар мен Новобаженовода су мәселесі шешілетінін айтты қала әкімі.  Абыралы, Мұқыр, Шақаманда су тартуға жоба-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұған бөлінген қаржы 1 млрд. теңгеге жуық. Мұндай қомақты қаражат ауылдағы су мәселесін шешуге ешқашан бөлінген емес. Қазірде «Семей – Қайнар» тас жолының 12 шақырымы жөнделді. Жұмыс биыл да жалғасады. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының өзі бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр, деді Ермак Сәлімов.  Денсаулық сақтау саласы да тұрақты бақылауда. Ауылдарда 1 аурухана, 1 фельдшерлік бекет, 10 амбулатория, 11 медициналық пункт жұмыс істейді. Абыралы ауылдық округіндегі Қайнарға 47 млн. теңгенің  рентген аппараты алынды. Ереже бойынша, бір дәрігерге 2200 адам бекітілуі керек. Біздегі жағдай 400-500 адамнан аспайды. Әсіресе Абыралы өңірінде. Бірақ сол елдің жағдайын біле тұра, қысқартуға жол берсек, дұрыс болмайды деп ойлаймын. Сондықтан барлық мамандар  өз орындарында қалады. Абыралының болашағы жоқ, ол алыста қалды деп айғайлатудың, бос әңгіме жасаудың қажеті жоқ, дейді әкім.


Сондай-ақ, Семейде әлеуметтік салада «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен - ауылға», «Жастар тәжірибесі» сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастар жұмысқа орналасып, кенттердің  өркендеуіне өз үлестерін қосуда.


- Семейдің экономикасы өрістеп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруына шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы ерекше әсер етіп отыр,-деп жалғастырды қала басшысы,-ауылдық округте асыл тұқымды мал басын көбейту ісі қызу қолға алынып жатыр. Мәселен, жергілікті Приречный ауылдық округінде серіктестіктер мен шаруа қожалықтары 341 бас ірі қара сатып алып, мал тұқымын асылдандыруды бастады. Жалпы ауылдық округ бойынша алынған субсидия көлемі 265 млн. 942 мың 700 теңгені құраса, оның 166 млн. 688 мың 700 теңгесі егін және бақшалыққа тиесілі. Ал  Мұздыбай ауылындағы «Мұздыбай-1» шаруа қожалығы  екі пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап отыр. Бұл құрылыс шығыны 172, 608 мың теңгені құрайды.  Өткен жылы субсидиялау 24 есе азайды. Ертіс, Знаменка, Абыралы, Жиенәлі ауылдық округтерінде ауыл тұрғындары 620 бас малл сатып алды. Олардың мал шаруашылығын дамытуы Семейдің өзге округтеріне де үлгі болу керек деп ойлаймын.

Осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың арасында әлі толық түсіндірілмей келе жатыр. Сондықтан да ауыл тұрғындары әлі күнге дейін қолда бар мүмкіншілікті пайдалана алмай жатыр. «Сыбаға», «Құлан», «Асық» бағдарламалары толық жұмыс істемеген. Егер ауыл шаруашылығы өз деңгейінде дамымаса, онда ауылдар қаңырап бос қалуы мүмкін, ал біз ондайға жол бермеуіміз керек.  Бұрын осындай қаңырап қалу қаупі бар ауыл  Шаған еді. Бірақ, қазір Шағанда тұрғын саны көбейді. Бұл жерге 500-ден атам адам келіп, қоныстанды.


Бүгінде Шаған кентіндегі жалпы орта білім беретін №24 мектепте 61 бала білім алса, 9 бала мектепалды даярлық тобында оқып жүр. Мектептегі кабинет санының аздығынан, мұнда шағын орталық та, асхана да жұмыс істемейді екен. 2017 жылы сметалық құны 230 мың теңге тұратын жиһаз алынып, 500 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.


Есеп беру барысында халықтан түскен сауалдар да, өтініштер де болды. Дегенмен халықтың басым бөлігі қала әкімі Ермак Сәлімовтың жұмысына ризашылығын білдіріп жатты. «Мұсылман әйелдері лигасының» төрайымы Гүлжиһан Жұматаева облыс басшысынан қала әкімі Ермак Сәлімовтың жұмысына риза екендігін, ол өз орнында қала берсе, халыққа жақсы болар еді дегенді алға тартты.


Ал журналист Алла Белякина, өзіне бір сырқат баланың ата-анасынан хат түскенін, ол балаға қажетті дәрі-дәрмектің қымбат тұратындығын, көмектесуін сұрады.


Семейдегі Татар өнер мектебінің директоры Ғабдулхақ Ахунжанов татар мектебінің тағдырына қатысты өтініш жасап, облыс әкіміне жеке қабылдауын сұрады. Даниал Кенжетайұлы оны көп күттірмей қазір бірден қабылдайтындғын айтты.


Сол сияқты Семей қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов та қала әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына сенім білдірді. Осы тұста жылудың бағасын көтермеу туралы ұсыныс жасаған қала тұрғын Н. Мирбановаға Даниал Ахметов өзі жауап берді:


-Кешірерсіздер, мен турасын айтайын,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов,-өмір дегеніміз өзіндік талаптары бар маңызды мәселе. Егер бұл қалада жылу дұрыс болсын десеңіздер, оның құны да ақталуы керек. «Жылудың бағасы өспейді» деп осы жерде сіздерді өтірік алдағым келмейді. Тариф көтеріледі, өмір талабы, нарық сұранысына орай, оған дайын болыңыздар. Бұл Семейге немесе Шығыс Қазақстан облысына ғана қарап қалған дүние емес, бүкіл республикаға қатысты мәселе. Экономика талаптары солай болса, солай болуы керек. Арзандатамыз деп жүргенде өзіміз әрең көтерген жылу желілерін құртып аламыз. Бірақ, жағдайы төмен отбасылар бар. Оларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы жәрдемақы, көмектер беріледі. Лимиті жетпейтін отбасыларына біз бюджеттен жәрдемдесеміз. Әлеуметтік теңдік дұрыс шешілуі тиіс. 1997 жылдан бері Семейде ыстық су болмады. Биыл жазда Семейде ыстық су болады.  

Осылай дей келе облыс әкімі Даниал Ахметов Семей тұрғындарын өзінің есеп беру жиынына шақырды. Сондай-ақ, Елбасының биылғы Жолдауының мән-мағынасына тоқталып өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай облыстың қасиетті жерлерін атап айтты. Қоңыр әулие, Ырғызбай кесенесінің ерекшеліктеріне тоқталды. Берел қорғанынан табылған дүниелердің тарихын әңгімеледі. Және Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жалғаса беретіндігіне тоқталып, қала  әкімі Ермак Сәлімовтың жұмысына облыс басшысы Даниал Ахметов оң бағасын берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив