KZ
Өскемен
+10°
небольшой проливной дождь жел 3 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Күршімдіктер де куә болды

1.02.2018, 09:33 195

31 қаңтар күні кешке қарай Күршім ауданы тұрғындары ерекше астрономиялық құбылыс, ай тұтылуын бақылады. Айдың ерекше құбылуын көрген туған-туыс, көрші-қолаң телефон шалысып, бір-біріне аспандағы құбылыс туралы айтып жатты. Біреулері алдын ала хабардар болмағандықтан үрейленіп жатса, енді біреулері бірнеше жылда бір болатын бұл жайтты таныстарының да жіберіп алмасын деген игі ниетте болды.


Жалпы, қазақ арасында аспан әлемін зерттеп, ондағы жұлдыздардың орын алмасуын бақылап, арнайы есеп жүргізетін дана адамдар ерте кезден болған. Олар, тіпті, айға қарап тұтас жылдың ауа-райын есептеп, қай күні қандай өзгеріс болатынын жыл бұрын айтып, дүйім жұртты құлақтандырып отырған.  Бүгінгі күнге дейін ай жаңарғанда әрқайсымыз айдың туысына қарайтынымыз рас. Егер ай шалқалап туса, күн райы мал баққан шаруаға, шаруашылыққа қолайсыз болады. Ай тігінен туса, «Ай жайлы туыпты, күн райы шаруаға қолайлы болады», «Ай қырынан туса күн жылы болады» деп жақсылыққа жорып, қуанамыз.


Ресми дерек бойынша, бұл жолғы ай тұтылу кезінде жер серігі перигей нүктесіне жақын болды. Айдың көрінетін диаметрі шамамен 8%-ға артып, жер серігі қызғылт түске боялды. Астана уақытымен сағат 15:48-ден 21:11-ге дейін айдың тұтастай тұтылуы Ресейде байқалды. Сондай-ақ, бұл құбылыс Шығыс Еуропада, Шығыс Африкада, Азияда, Аустралияда, Тынық мұхиты мен Солтүстік Америкада көрінді. Ай орбитадағы қозғалысы кезінде Жердің оңтүстік бөлігіндегі көлеңкесіне тұспа-тұс келді. Жердің көлеңкесі айдың көрінетін бетін толығымен торлап, оны қызғылт түске бояды.


Айдың келесі тұтылуы 2018 жылдың 27 шілдесінде болады. Табиғаттың бұл құбылысы да Ресей мен ТМД-да жақсы көрінеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив