KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
443.35 475.54 4.82

Дамудың жаңа мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланбақ

11.01.2018, 11:30 158

Кеше Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғылыми кеңесі алғашқылардың қатарында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауында айтылғандарды алғашқылардың бірі болып талқылаған жиын өткізді.


Жаңа Жолдауда айтылған міндеттер университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының алдына жаңа міндеттер жүктеп отырғанын атап өткен білім ордасының басшысы аталған құжатта адами капиталдың бар мүмкіндіктерін, ғылымда қол жеткізілген тың жетістіктерді барынша тиімді пайдалануға басымдық беріліп отырғандығына тоқталды.


– Елбасының бүгін жария етілген жаңа Жолдауында көрсетілген міндеттерді университеттің ғылыми кеңесінің кезекті отырысында кеңінен талқыламақпыз. Бұл құжаттың бұған дейінгі Жолдаулардан басты ерекшелігі, мұнда бәрі нақты жазылған және бұған дейінгі ұзақ мерзімді қамтыған «Қазақстан-2050» даму стратегиясын жүзеге асырудың жалғасы болып табылады. Президент атап өткендей, қазіргі таңда бүкіл әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Біз бұған дейін Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. Мемлекетімізде 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда. Былтыр Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды. Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды. Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табуға жол ашып беріп отыр, - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов.


Осылай деген университет ректоры Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыруға техникалық университетте барлық мүмкіндіктер бар екенін, тек соны нақты қолға ала отырып, табысқа жетудің кілтін табу керектігін жеткізді. Мысалы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында университетте бірнеше жобалар қолға алынған. Соның бірі, мәселен, қазіргі кезде университет басшылығы студенттердің қанша пайызы сабаққа қатысып отырғандығын бір сәтте анықтай алады. Ол үшін әр студент дәрісханаға кіргенде және шыққанда электрондық жүйе арқылы белгіленеді. Сондай-ақ, шәкірттер бағасы да электронды нұсқада бағаланып, жариялылық барынша салтанат құрмақ. Оның үстіне алдағы уақыттан бастап сандық формат басымдық алып, барлық салада қағазбастылық мүлде жойылмақ. Бұлар атқарылатын шаруалардың тек бір парасы ғана.


Сондай-ақ, Жасұлан Құдайбергенұлы жаңа құжатта оқытушылық құрамға да үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығын айтып, бұрынғы қатып қалған оқу бағдарламасынан бас тартып, мейлінше жаңашылдықты қабылдау керектігін, өзін-өзі дамытуды, білімін жетілдіруді, әсіресе тіл үйренуді тоқтатпауды атап көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі таңда университетте ағылшын тілінде дәріс оқитын лекторлар өзге әріптестеріне қарағанда әдеқайда артық жалақы алады. Бұдан басқа ғалым-оқытушылардың ғылыми жобалары да келешекте нақты табыстың көзіне айналмақ.


Ғылыми кеңестің мәжілісінде Жолдауда көрсетілген басты он міндеттеің барлығына тоқталып шыққан университет басшысы, ең бастысы Жолдауда атап көрсетілген міндеттерді іске асыруда қоғамның тұрақтылығы мен ұлтаралық бірлік пен ынтымақтастық бірінші орында екендігін естен шығармауды атап айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив