KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
440.9 475.95 4.82

Медицинаны дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленді

31.01.2018, 10:08 134

Биыл аймақтың медицинасында бұған дейінгі тарихында болмаған ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Алғашқы қадамдары қолға алынып та қойды. Оның жарқын дәлелі ретінде Өскемендегі №1 қалалық ауруханаға қойылған толық роботтандырылған ота жасайтын заманауи қондырғыны айтсақ та жеткілікті.


Бұл жөнінде Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіруге және маңызды құжатта айтылғандарды жан-жақты талқылауға арналған қалалық активтің жиынында айтылды.


Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина жүргізген қалалық активке облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары, облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің филиал жетекшілері, денсаулық сақтау мен білім беру саласы, саяси партиялар, дін, ЖОО, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері және студент жастар қатысты.



Ағымдағы жылдың басты құжатында айтылғандарды іске асыру жолында Өскемен қаласы әкімдігімен нақты іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілгендігін айтқан Ольга Булавкина бұл Жолдауда Елбасы қазақстандық қоғамның барлық саласында заманауи технологияларды белсенді түрде енгізу қажеттігіне баса мән беріп отырғандығын жеткізді.


– Әлем төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіне қадам басқан тұста Мемлекет басшысы Қазақстанның нақты даму мүмкіндіктерін айқындап берді. Аталмыш құжатта саяси, әлеуметтік, экономикалық даму мүмкіндіктеріміз толық қамтылған. Мәселен, заманауи технологияларды қолдану облыс әкімінің қолдауымен Өскемендегі денсаулық сақтау мекемелерінде батыл енгізілуде. Жолдауда айтылған міндеттерді орындап шығуда және туған қаламыздың, өңіріміздің және еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда өскемендіктер қай кездегідей сенім биігінен көрінеді деп сенемін, - деді қала әкімінің орынбасары.

Оның сөзін жалғаған облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина өңірдің медицина саласының қызметкерлері Жолдаудың жетінші міндетінде айтылғандарды қолдайтынын және оларды іске асырудың алғашқы қадамдары өңірде осы бастан-ақ қолға алынғанын атады.


– Елбасы өз Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиістігін, тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажеттігін айтты. Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет, халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс деп атап көрсетті. 2017 жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыстағы денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттырудың кешенді бағдарламасы әзірленіп, енгізілді. Ол екі тараудан тұрды. Біріншісі, үш басым бағыт бойынша дәрігерлердің біліктілігін көтеру болса, екіншісі, осы үш бағыт бойынша медициналық мекемелерді заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету болды. Дәрігерлеріміз шетелдің, еліміздің озық медицина ұйымдарында білімін арттыруда. Бағдарламаны іске асыру аясында салаға сегіз жарым миллиард теңгеден астам қаржы тек құрал-жабдық алу үшін бөлінді. Мәселен, былтыр ғана біздің онкологиялық диспансерге 800 миллион теңгеден аса қаржы бағытталды. Бұл – аймақтың денсаулық сақтау саласына бұрын-соңды жасалмаған қолдау, - деді Гүлмира Сағидуллина.


Өскемендегі жоғары оқу орындарының оқытушылары білім берудің заманауи нұсқаларын оқу үрдісіне енгізу керек десе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, қалалық ақсақалдар кеңесінің атынан сөйлеген Сайлаухан Аухадиев, Өскемен қаласының жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы  жастарды айтпағанда орта буын мен аға буынның өзі көштен қалмай, жаңа технологияны игеру керектігін айтты.


Қалалық активті қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Майраш Екібасова Жолдауда айтылғандарды іске асыру үшін әр бір адамның өзінің ішкі әлемінде рухани жаңғыру болуы керектігін, қоғамдық сананы жаңғырту экономиканы жаңғыртудан әлдеқайда маңызды әрі күрделі екендігіне жиналғандар назарын аударды.


 


 


 


 


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив