KZ
Өскемен
+22°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
440.9 475.95 4.82

Ардагерлерге үлкен сенім артылып отыр

5.02.2018, 03:30 129

Облыстық ардагерлер кеңесінің активі Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылап, онда айтылғандарды түсіндіруге арналған семинар өткізді. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысты.


Өңірдің қалалары мен аудандарынан жиналған аға буын өкілдерінің алдында жиынның жұмысын бастаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев сонау тоқсаныншы жылдың басынан бергі қоғамдағы орын алып жатқан өзгерістердің барлығына да осы ардагерлер қауымы куә болып, атсалысып келе жатқандығын атап өтті.


– Сол уақыттан бері жүргізіліп жатқан реформалардың жемісі ретінде Елбасының оң саясатының арқасында Қазақстанды білмейтін халық жоқ. Сол тоқсаныншы жылдарда Президент көресіңдер, әлі уақыты келгенде біздің балаларымыз бен немерелеріміз шетелдерде оқиды, озық технологияны меңгереді, қазақстандықтарды дүниежүзі біледі деп. Оның бәрі бізге сол кезде арман секілді болғанымен, бүгінде толық орындалып отырғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл құжатта сол реформалардың жалғасы. Жолдауда көтеріліп отырған  төртінші өнеркәсіптік революция мәселесі де бүкіл әлемді толғандырып отырған дүние болғандықтан, мемлекет басшысы дер кезінде біздің қоғамның алдына заманға сай нақты міндеттер қойып отыр, - деген ол аймақтың ардагерлер қауымы алғашқы күннен бастап ақпараттық-насихаттық топтардың құрамында  жер-жерлерде Жолдауды белсенді түсіндіріп, насихаттап жатқанын жеткізді.


Сонымен қатар ол Президент Жолдауында негізгі басымдық әлеуметтік қамсыздандыруға, жалақыны көбейтуге, зейнетақыны арттыруға, өзге де әлеуметтік қолдауларға, жастарды баспанамен, жұмыспен қамтуға, баршаға қолжетімді жоғары және кәсіптік білім алуға бағытталғандығын жеткізді.


Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова былтыр ғана өздерінің отыз жылдықтарын атап өткен өңірдің ардагерлер ұйымы жас буынға жеткілікті деңгейде патриоттық тәрбие беруде, қызметтік жолын енді бастаған жастарға ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісуде, қоғам алдына Елбасының қойған маңызды міндеттерін бірге іске асыруда ауқымды шаруа атқарып келе жатқандығына тоқталды.


– Өңірімізде былтырдан бері қарқынды іске асырылып жатқан Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруда, жеткілікті түсіндіруде бізге Сіздердің көмектеріңіз, тәлімгерлік тәжірибелеріңіз аса қажет. Облыс әкімімен Жолдауда айтылған он бағытты орындау үшін арнайы жоспар бекітілді. Өндірісті жаңғырту, цифрландыру, білім, денсаулық салаларын түбегейлі модернизациялау, адами капиталды дамыту, өмір сүру сапасын арттыру басты бағыттарға айналды, - деген Әсем Бекқызы өңірде Елбасы тапсырмасына орай білім саласында ауқымды жобалар қолға алынғанын атады.

Оның сөзінше, облыстағы 277 шағын жинақталған білім беретін мектептер жергілікті кәсіпкерлер демеушілігімен Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты негізінде жасақталуда. Былтыр мектеп бітірген тоғыз мыңнан аса түлектің 800-ғана өзге елдің білім ошақтарын таңдаған. Ағылшын тілінде білім беру жүйесі қарқынды енгізілуде.


– Аймақ басшысы Даниал Ахметов былтыр мектеп бітірген түлектерге 200 грант бөлсе, биыл өңірдегі жетекші ЖОО арқылы 400 грант беруді жоспарлап отыр. Енді олар аудан, қалаларға шығып, түлектерге насихат жұмыстарын жүргізуі тиіс. Бұл істе де Сіздердің көмектеріңіз бізге аса қажет. Облыстың медицина саласы бойынша да ірі жобалар іске асып, мекемелер толық жаңартылуда. Тек дәрігерлердің білімін жетілдіруге ғана 1,2 млрд теңге жұмсалған. Жыл сайын 50 дәрігер шетелдің озық клиникаларында оқуға жіберіледі. Міне осының бәрін халыққа жеткілікті түрде насихаттап түсіндіру керек, - деді Әсем Нүсүпова.

Семинар барысында Өскемен қаласы, Глубокое, Ұлан, Жарма, Шемонаиха аудандары атынан мінберге шыққан ардагерлер Жолдауда зейнеткерлерге қатысты айтылғандарға тоқталып, ауылдық жерлердегі бірқатар мәселелерді де ортаға салды. Жолдауға арналған жиынды қорытындылаған Айтқазы Шерубаев бүгінгі айтылған ұсыныс, пікірлер мен өтініштер, проблемалар бәрі де назарға алынатындығын, уақытымен облыс әкіміне, «Нұр Отан» партиясына жеткізілетіндігін атады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив