KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,7 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Семейдің автопарктері жолаушылар тасымалы үшін тендер шартына сай болмай шықты

5.01.2018, 02:43 133

Семейде қатарынан тоғыз ай бойы «Көлік және коммуникация Ғылыми зерттеу институтының» мамандары кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде Қазақстандағы заңнама аясына қаладағы көлік тасымалы қызметіндегі алты кәсіпорын да сай болмай шықты. Қала әкімшілігінде өткен жиналысқа осы мәселеге орай құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері қатысты.


-Күн сайын қала бойынша тасымалға шамамен 427 автобус шығады. Десек те, алты тасымалдаушыда әртүрлі маркадағы 633  автобус бар екен. Бұның ішінде 215 маршруткаларғ яғни ГАЗель көлігі. Оны үлкен қаланың ішіне жіберуге болмайды, себебі бұндай шағын көліктер қала шетіндегі аз-маз бір-екі жолаушы таситын аудандарға арналған. Техникалық регламент бойынша бұндай автобустар қала ішіне емес, қала сыртындағы ауылдарға жүруге қолайлы. Қала ішінде бұндай автобустар барлық тасымал көліктерінің 30 пайызын ғана құрау керек, десек те Семейде ГАЗельдер  барлық көліктің 50 пайызын құрайды,-деді «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институы» директорының орынбасары Байболат Байманбетов.


Тағы бір қызығы, қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын алты кәсіпорынның маршрутты бағыттағы көліктері небәрі 16 пайыз екен. Қалған автобустар қайдан десеңіздер, оның барлығы сырттан келген, ананың, мынаның автобустары.


-Семейдегілер жалға алынған және арнайы осындай жұмысқа тартылған деген көлік түрлері болады, дегенді түсіне қоймайды,-деді Байболат Байменов,-Семейде жалға алынған көлік деген мүлде жоқ. Себебі көлікті жалға берген кезде тасымалдаушы техникалық қызмет көрсетуді, жанар-жағармайды, шиналарын ауыстыруды өз жауапкершілігіне алады. Бірақ, бұндай мәселе Семейде мүлде қалыптаспаған. Оның үстіне жекеменшік те, жұмысқа тартылған көлік түрлері де  ескірген. 403 көлікке 7 жыл, ал 230 көлікке 7-12 жыл болған. Тіпті бұлардан да ескіріп, тозғандары жетеді.

Сарапшылар автопарктерді тексерген кезде, небір олқылықтарға тап болған. Мәселен, «Автомиди» ЖШС-нің қадағалаушы механигі механикалық сұрақтарға жауап бере алмаған. Жүргізушілер алкогольдік ішімдіктер ішпеуін, автобустардың сапасының дұрыстығын тексеру автобазадағы бақылаушы адамдардың жұмысы болғандықтан, бұл іске де нағыз бесаспап мамандар тартылмаған.


-Жолаушы қауіпсіздігі басты орында тұру керек,-деді Байболат Байманбетов статистикалық зерттеу мәліметтерін  келтіру барысында,-соңғы 11 ай ішінде жол көлігі апатынан 20 мың қазақстандық қайтыс болды. Автобус ішіне кірген жолаушы ақшасын төледі, ол өзінің қауіпсіздігі үшін төледі. Және сол билет құнына оған мәдениеттілікпен қарау, аялдамалардың атын есту сияқты талаптар кіреді. Жүргізуші мен кондуктор бірыңғай түсті киім киюлері керек. Өздері болмай көтерткен 80 теңгеге жолаушылар тасымалындағылар мәдениетімізді де жақсартамыз деп еді ғой. Сонымен автобус салондарындағы тазалықтар қайда? Әрбір автобустар ауысымдағы жұмысын аяқтаған соң, іші-сырты жуылып-шайылуы керек.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші,  «Семей көлiгi транс» ЖШС-інде механик автобустың қозғалмалы бөліктерін фонарь шаммен қарап шығады екен. Техникалық талап бойынша, бұндай жерлерді арнайы көретін терең шұңқырға түсіп,  тексеріп шығу керек. Сарапшы осындай қызықтарды өз тәжірибесінде бірінші рет көріп отырғандығын жеткізді.  Бұндай талап бұзушылық қаладағы автопарктердің кез келгенінде бар екен.  Сарапшылар тексергендей алдамалар да талапқа сай емес. Қабанбай батыр көшесі бойындағы Орталық базар тұсындағы аялдамалар көңілге қонымды болғанмен, қала сыртындағы Шығыс, Мирный кенттерінде аялдама деген аты ғана.  Сондықтан да, деді Байболат Байманбетов, қала сыртындағы автобустар тоқтайтын  соңғы аялдамаларда демалатын кешендер болуы керек. Автобус жүргізушілері мен кондукторлар таңертең ерте жұмысқа шығатындықтан, олар түскі ас ішіп, бір сәт көз іліп алғандары жөн.  Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Мұрат Мұсатаевтың айтуынша, оған бірнеше хаттар келіп түскен. Онда жолаушылардың тасымалымен айналысып, қызмет қана көрсетуі тиіс тасымалдағылар өз міндеттеріне қаланың атқарушы билігі айналысатын міндеттерді де алып алғандығы жазылыпты.


-Сондықтан да, мен мемлекеттік кіріс басқармасы, көлікті бақылау комитеті, көлік прокуратурасы сияқты құзырлы органдарды Семейдегі көлік тасымалы кәсіпорындарының жұмысын көруге шақырамын. Бүгінгі жиналыстың өзінде қолымызға қаншама фактілер түсіп отыр. Сондықтан да, бұның барлығына көзжұмбайлық жасауға болмайды,-деді Мұрат Мұсатаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив