KZ
Өскемен
+28°
переменная облачность жел 5 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

Семейдегі мұражайға алаш қайраткерлерінің балауыз мүсіндері қойылған

25.09.2017, 03:58 209

Семейдегі архив қызметкерлері осыдан он жыл бұрын шыққан Алаш қозғалысы туралы кітапты жаңадан толықтырыпты.


Абайдың мемлекеттік тарихи мемориалдық мұражайының директоры Болат Жүнісбековтың айтуынша, қаладағы «Мұхтар Әуезов және алаш арыстары» мұражайы үйі күрделі жөндеулерден өткен. Осы үй де Алаш үкіметінің 100 жылдығына орай қайта ашылды. Оны тамашалауға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов келіп қатысты. Ол экспозициялар мен балауыз мүсіндерді аралып көрді.


-Біз былтыр Әлейхан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойынан бастап, биылғы шара Алаштың 100 жылдығына ерекше дайындалдық,-дейді Абайдың мемлекеттік тарихи мемориальдық мұражайының директоры Болат Жүнісбеков,-біздің мұражайға қарасты осы «Мұхтар Әуезов және алаш арыстары» үйі 1997 жылы ашылған еді. Бірінші қабаты мүлде тозып кеткендіктен былтыр министрлікке хат жазып, күрделі жөндеуге қаражат сұрадық. Содан кейін Астанадағы алаштанушы ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Сұлтан Хан Аққұлұлылармен ақылдаса келе бұл үйдің 6 бөлімнен тұратын тұжырымдама экспозициясын дайындадық. Үстіміздегі жылдың басында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін музей залдарында реэкспозиция жұмыстары жасалды. Ғалымдардың көмегімен тұжырымдаманың негізінде тақырыптық-экпозицицялық жоспар дайындалды. Жаңа экспозицияда Алаш қозғалысы тарихының 6 кезеңі тың құжаттар мен деректер негізінде өзгеше қырынан көрсетілді. Музей экспозициясы кеңейіп, ғимараттың бұрын бос тұрған бірінші қабатында ХХ ғасырдың басындағы үй интерьері жасалды. Екінші қабаттағы экспозиция арнайы тапсырыспен жасалған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезовтің мүсіндерімен толықтырылды. Әйгілі балауыз фигуралар сияқты бұл мүсіндерді жасауда суретшілер заманауи материалдар – керамопласт және шыныталшық қолданды.


Айта кету керек, үй ХIХ ғасырдың екінші жартысында қызыл кірпіштен салынған. Абайдың қаражатына сатылып алынған Әнияр Молдабаевтың үйі.

-Осынау Алаш қозғалысының қызметіне араласқан тұлғалардың бірі Әнияр Қожабайұлы Молдабаев 1850 жылы туып, 1934 жылы дүниеден қайтқан,-дейді шежіре ақсақал, этнограф Молдабек Жанболатұлы,-Әниярдың әкесі Қожабай Шегірұлы сүйектен, ағаштан өрнекті бұйымдар жасайтын шебер, ісімер адам болған. Қожабай 1858 жылы дүние салады да, Сүндетбай, Үмбетбай, Әнияр атты балалары әкесінің інісі Молдабайдың қолында тәрбиеленеді. 1865 жылы 15 жасар Әниярды Абай Молдабайдан сұрап алып, Семей шаһарындағы орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Оны бітірген соң Әнияр Ташкентке барып жоғары білім алады. Заң қызметкері болып шығып, жолдамамен Әндіжанда, кейінде Марғұланда кіші чиновник болып қызмет істейді. Сондағы өзбектің бай саудагерінің қызына үйленеді. 1890 жылдары Семейдегі мемлекеттік банктің қызметкері, кейінде оның менгерушісі, уездік сот болады.Әнияр Молдабаев Семейге келіп қызмет жасап жүргенде Абай өзінің әулетінен мал жиғызып, 30 бестінің қаржысына Семейдегі Москвин деген орыстың үйін Әниярға сатып әпереді.

Әнияр өзінің жалғыз ұлы Сапарғалиға (1890-1974) Кәкітайдың қызы Кәкішті айттырып алып береді де, Ысқақ, Абай тұқымдарымен құдандалы, сүйек болады. Кейін де сүйек жаңғыртысады. Әнияр Абайдың тұңғыш жинағын бастырып шығаруға көп қызмет еткен адам.


Әниярдың үйі Семейге келетін Тобықты елінің игі жақсылары ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермекұлы, Халел Ғаппасұлы, Рақымжан Мәрсекұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Биахмет Сәрсенұлы сияқты азаматтар жиі бас қосатын орынға айналған.


Заманында ұлы Абай ауылдан Семейге келген кезде осы үйге түсіп жүрген. Кейінірек алаш арыстарының барлығы осы үйге қонып, барлығының ізі осында қалған. 1988 жылы осында қаладағы балалар кітапханасы жұмыс істеді. Ал 1990 жылы Абай музейіне беріледі. 1997 жылы ғалым Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойы құрметіне «Мұхтар Әуезов және алаш арыстары» деген атаумен жаңа музей ретінде ашылды. Енді бұл үй биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай жаңа тарихи құжаттармен есігін айқара ашып отыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив