KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, В
481.68 522.48 5

«Тәуелсіздік тұғыры - ұлы дала арманы»

13.12.2017, 11:19 146

Семейдегі Орталықтандырылған кітапханадағы «Мерей» клубы аясында «Тәуелсіздік тұғыры - ұлы дала арманы» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.Кешке Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыр Досымжанов, Семей өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағының қызметкерлер құрамы, «Ертіс толқындары» ән-би ансамблінің мүшелері, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің «Ес-Аймақ» студент жастар театры мен Татар өнер мектебінің өнерпаздары, сондай-ақ, жас ақындар, №36803 әскери бөлімнің сарбаздары қатысты. Еліміздің басты мерекесіне арналған шара мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды.



-Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Елбасымыздың жүргізіп отырған парасатты, көреген саясатының нәтижесі,-деді кітапханашы Жанат Советқызы,-сондықтан да тәуелсіздік, бостандық, еркіндік ұғымдарының тарихи маңызы зор.


Кеш барысында Семей өңірі гарнизоны әскери полиция жасағының қызметкері Мерхат Болатұлы Әлімбаев Тәуелсіздік жылдары Қарулы Күштер мен әскери құрылымдардың дамып, көптеген жетістіктерге жеткені туралы жеткізе отырып, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Қатысушылар қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында басын тіккен желтоқсан құрбандарын үнсіздікпен еске ала отырып, «Желтоқсан ақиқаты» атты деректі фильмді тамашалады.


- Кез-келген ұлттың бақыты – Тәуелсіздік, себебі осы тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы ұлт ретінде сақталып қана қалған жоқ, діні мен ділін, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін жаңғыртты,-деді Қадыр Досымжанов жиын барысында.



Осылай дей келе ол өзінің «Жанпида» атты күйін орындап берді. Әдеби-сазды кеш жалғасында тәуелсіз елдің топырағында дүниеге келіп, егемен елмен бірге есейіп, еліміздің болашақ кілтін қолына ұстаған «Ой-сана» халықтық ақындар орталығының жас ақындары Тәуелсіздік күніне арнап шығарған жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Ал М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесі жанынан құрылған «Ес-Аймақ» студент жастар театрының өнерпаздары Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» атты драмасынан көрініс сахналап, үйлесімді қимыл, шебер ойындарымен оқырман қауымға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің лебін анық сездірді. Мерекелік кешті «Ертіс толқындары» ән-би ансамблінің және Татар өнер мектебінің өнерпаздары әсем әуезді әндерімен жалғастырып, оқырмандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив