Актерлар шыққан ауылдың балалары алдан көрінуде (видео)
25 қазан - Республика күні қарсаңында Күршім ауданының мектептері білім ордаларында еліміздің басты мерекесін, елдігімізді ұлықтайтын түрлі мәдени іс-шараларды бастап кетті, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Нұр Зайсанның жағалауындағы балықшылар мекені – Ақсуат ауылы негізгі орта мектебінің ұстаздар қауымы ұлттық рухты көтеретін ұлық мерекеде оқушылармен тарихтан тәлім алар тәрбие сағаттарын өткізіп, туған елді қастерлеуге арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, түрлі сайыстар өткізіп жатыр.
Ақсуат - Қазақстанның атақты актерлары Досхан Жолжақсынов пен Уәйіс Сұлтанғазин туған, өскен ауыл.
Актерлар шыққан Ақсуаттың балалары «инженер болсам», «сазгер немесе дәрігер болсам», «математика мұғалімі болсам» деп армандайды.
Аудандық, облыстық «Алтын сақа» олимиадасының жүлдегері Көкен Есбол (бейнесюжетте) ел қорғаны болып шекара шебін күзетсем дейді. Арман алдамайды, балалардың, ақ толқыны жағаға ұрған ақ шағалалы ауылдың, еліміздің ертеңі жарқын болғай.