KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1 м/с, Ю
478.96 533.03 5.22

Жарты миллион теңгеге дейін бопсалаған күдікті ұсталды

12.12.2017, 09:22 133

Риддер қаласының бірнеше тұрғыны өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған жергілікті алаяқтан зардап шеккені әшкереленді. Алаяқ риддерліктерден өзінің қызметтері үшін 80 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақы талап еткен. Қазірдің өзінде оның аңғал халықты жарты миллион теңгеден артық сомаға алдағаны анықталды.


62 жастағы әйел полиция қызметкерлеріне мынадай жағдайды хабарлапты. Үйдің ауласында оған өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған бейтаныс адам жақындап, немересінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін «ұсталғанын» жеткізеді.

Әңгіме барысында «жанашыр адам» немересін бұл қылмысы үшін жауапқа тарту мәселесін оңай шешуге болатынын ескертеді. Ол үшін тез арада 270 мың теңге табу қажет дейді. Немересінің тағдырына алаңдаған зейнеткер оның «ұсталған-ұсталмағаны» туралы ақпаратты тексерместен, жалған полицейге талап еткен сомасын бере салады.


Кейін зейнеткер немересімен телефон арқылы байланысқа шыққанда ғана оның ешқандай жол қозғалысы ережесін бұзбағанын, сабақта екенін біліп, алданғанын ұғады.


Ақпаратты тіркеген риддерлік полицейлер екі-үш күннің ішінде «полицейдің» ізіне түседі. Қазір күдікті ретінде Риддердің 29 жастағы тұрғыны ұсталған. Оның заңсыз қызметінен келіп түскен шығынның көлемі жарты миллион теңгеден артып кетеді. Қазір полиция мамандары күдіктінің осындай төрт іске қатысы бар-жоғын анықтауда.


Құқық қорғау органдарының қызметкерлері облыс тұрғындарын өздерін құқық қорғау орындарының қызметкері ретінде таныстырып, жақын адамдарыңыздың қиын жағдайға тап болғаны жайлы ақпарат жеткізген бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Ондай мәліметті алдымен тексеріп алуға кеңес береді. Егер сіздер туыстарыңызбен хабарласа алмай жатсаңыздар, «102» хабарласып, ақпаратты анықтауға болады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив