"Қазақстан-Өскемен" арнасының атауы «Altay» деп өзгертіледі
28 тамыздан бастап жүргізілген ребрендинг аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа маусымға аяқ басып, жаңа бағдарламалар легін ұсынбақ. Осылайша Ұлттық арнада түрлі бағыттағы ондаған жоба көрермендеріне жол тартады.
Жаңа маусымда «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын - «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі эфирге енеді. Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында еліміздің беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін «Киелі Қазақстан» және әйгілі адамдар жайлы сыр шертетін «Ұлы дада ұлағаты» атты бағдарламалар да көрсетіледі. Бұл жайлы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Қазақстан» РТРК» АҚ ШҚОФ директорының м.а. Аида Жабағиева мәлімдеді.
– Жаңа маусым кезең-кезеңмен жүзеге асады. Бірінші кезекте «Қазақстан» ұлттық арнасы, кейін «Казспорт» және «Балапан» телеарналары жаңа форматқа көшеді. Тек содан кейін аймақтық телеарналарда жаңа маусым басталады, – деді Аида Жабағиева.
Сонымен қатар, ребрендинг аясында аймақтық телеарналардың атаулары да өзгертіліп, «Қазақстан-Өскемен» арнасының атауы «Altay» деп өзгертіледі. Аида Тлеубайқызы айтып өткендей, жаңа маусымда «Altay» телеарнасында да бірқатар жаңа жобалар көгілдір экранға шықпақ.