Даниал Ахметов ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысына көңілі толмайтынын айтты
Күзгі жиын-терін жұмыстары облыста шілденің аяғынан басталып кетті. Өңір диқандары 35 мың гектардан күздік астықты, 1086 мың гектардан жаздық дақылдарды, оның ішінде 569 мың гектардан астықты, 401 мың гектардан майлы дақылдарды, 20,8 мың гектардан картопты, 8,7 мың гектардан көкөністі жинап алулары тиіс. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Молдаханов мәлімет берді.
Өткен жылмен салыстырғанда жиын-терін аумағы биыл 22,4 мың гектарға көп.
– Қазіргі кезде шаруалар ерте пісетін арпа, сұлы, бұршақ тұқымдарын орып жатыр. Өнімділік алдын ала болжам бойынша астық бойынша 14,4 ц/га (870 мың тонна), майлы дақылдарда 12,1 ц/га (460 мың тонна) болмақ. Бұл былтырғы шамадан жоғары, – деді сала өкілі.
Облыс шаруашылықтарында және элеваторларында ірілі-ұсақты 84 кептіргіш бар. Комбайндар саны – 3151. Бір комбайнға түсетін орташа жүктелім 350 гектардан аспайды. Бұл жиын-терін жұмыстарын дер кезінде аяқтауға толық мүмкіндік береді. Бұл ретте атап өтерлігі, комбайндардың 870-і – заманауи үлгідегі шетелдік техникалар. Олардың өнімділігі екі есеге дейін артық. Министрлік тарапынан тоннасы 140,7 мың теңгеден 25 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр. Жалпы, облыс науқанға тас-түйін дайын, деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
– Жанар-жағармай тапшылығы туындамас үшін қазірден қам жасау қажет. Басқарма жұмысына көңілім толмайды. Науқан кезінде басқарма басшысы еңбек демалысында жүр, ал міндетті атқарушы адам жағдайдан хабарсыз. Өкінішке қарай, мекемеден білікті мамандардың көбі кетіп, олардың орнына жас қызметкерлер келді. Жақсы, келсін, бірақ олардың қолынан іс келіп жатса, тіпті, тамаша болар еді, – деді облыс әкімі.