Жыл басынан бері полицейлердің ерікті көмекшілерінің жәрдемімен облыста 75 қылмыстың беті ашылған
Облыста қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді азаматтарды, ерікті жасақшыларды тарту жақсы жолға қойылған.
Өңірде 480 қоғамдық құрылымның өкілдері осы бағытта жұмыс істейді. Жыл басынан бері полицейлердің ерікті көмекшілерінің жәрдемімен облыста 75 қылмыстың беті ашылған, 900 әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылық әшкереленді. Қоғамдық тәртіпті қадағалауға қол ұшын берген қоғамдық құрылымдардың екі жүзге жуық мүшесі 3 миллион теңгедей көлемде ақшалай марапатталды.
Аймақтың қалалары мен ауылдарында 700-ден астам ерікті сарбаздар жергілікті полицияға көмекке келген. Сонымен қатар 30 студенттік отряд полиция қызметкерлерімен заңбұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізеді. Бұлардың қатарында 400-ден астам болашақ заңгер қыз-жігіттер бар.
Ауылды жерлерде 550 мүшесі бар 140 «Сарбаз» отряды учаскелік инспекторлармен құқықбұзушылыққа, оның ішінде мал ұрлығына қарсы күреседі. Сонымен қатар 229 учаскелік полиция пунктінде қоғамдық кеңестер құрылған. Оларға ардагерлер мен белсенді азаматтар мүше.