KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Өскеменде Моңғолия қазақтарының әдеби анықтамалығы жарық көрді

24.05.2017, 18:00 57



О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада ерекше кітаптың тұсаукесері өтті. «Рухани келбет» атты Моңғолия қазақтарының әдеби-мәдени анықтамалығына сондағы ақын-жазушылар, драматургтер, аудармашылар, ғалымдар мен әдебиет зерттеушілерінің есімі енгізілген.

Кітап С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Берел баспасынан жарық көрді. Бұл ерекше еңбектің дүниеге келуіне Моңғолиядағы әдебиетшілер мен шығысқазақсатандық ғалымдар қатар атсалысты. Айталық, жалпы редакция басшысы филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков болса, жауапты редактор ақын, тарих ғылымдарының кандидаты моңғолиялық Сұраған Рахметұлы болды. Еркінбек Бөденұлы, Гауһар Қинаятқызы, Берікхан Иісбекұлы сынды авторлар да құрастырушылар қатарында.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 2-курс магистранты Қызырбек Дүргінбайұлының магистрлік диссертациясы негізінде құрастырылған жинаққа 176 автордың толықтай шығармашылық өмірбаяны енгізілген. Әлі де зерттеуді қажет ететін, мәлім де беймәлім 18 тұлғаның қысқаша ғұмырнамалары мен 106 танымал тұлғаның есімі енгізіліп отыр. Сонымен қатар, Моңғолия қазақтарының тағдыры мен тарихынан, мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертетін 1921-2015 жылдар аралығындағы оқиғаларды қамтитын әдеби-мәдени жылнама ұсынылған. Моңғолиядағы қазақ тіліндегі бұқаралық-ақпараттық құралдар мен әр жылдарда жарық көрген ақпараттық басылымдар туралы мәліметтерді де аталмыш кітап бетінен табуға болада.

– Анықтамалықта Моңғолия жерінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасып, дамуына үлес қосқан мәдениет және қоғам қайраткерлерінің шығармашылық өмірбаяны тұңғыш рет көпшілік қауымға ұсынылып отыр. Жалпы, бүгінгі таңда шет елдегі қазақтардың әдебиеті мен өнерін ұлттық құндылықтар тұрғысынан зерттеудің маңызы зор, – дейді кітапты құрастырушылардың бірі Бауыржан Ердембеков.

Редакция алқасы жинақты алдағы уақытта әліде толықтырып, жүйелеп баспаға ұсынуды жоспарлап отыр.

Оразай Жеңісұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив