Биыл еліміздің түкпір-түкпіріндегідей Шығыста да «Мәңгілік полк» акциясы барынша ауқымды аталып өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жеңіс күні сұрапыл соғысты көзбен көрген майдангерлердің ұрпақтары қолдарына ата-әжелерінің суреттерін ұстап, облыс орталығындағы Өзен вокзалынан Стрелкадағы Даңқ мемориалына дейінгі даңғыл жолмен сап түзеп жүрді.
Жылдағы дәстүр бойынша, салтанатты топ мәңгілік алау жанына келіп тоқтағанда, аспанға бейбітшілік символы – аппақ кептерлер дүр етіп көтерілді. Қатары сиреп қалған ардагерлер құшағы гүлге толды. Даңқ мемориалында қарт жауынгерлерге арналып өлең оқылып, мерт болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Соңғы уақытта дәстүрге айналған «Мәңгілік полк» халықаралық акциясы жыл санап бұқаралық сипатқа ие болуда.
Ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаһармандар алдында бас ию мақсатында ұйымдастырылатын акцияға қала тұрғындары және қонақтарымен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те қатысты.