KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 3,1 м/с, В
444.14 477.05 4.85

Сібір жарасын жұқтырған ауыл тұрғындары 3-4 күннің ішінде көз жұмған

23.06.2016, 18:00 103




Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында ауру малдың етінен сібір жарасын жұқтырып, көз жұмған Кәкен Қажкенов бір күнде бірнеше ауруханаға қаралғанымен, диагнозын дәрігерлер бірден анықтай алмаған. Қатерлі аурудан қайтыс болған науқастың ұлы: «Жедел дәрігерлік көмек көрсетілгенде, әкем аман қалатын еді» дейді.

«Әкемнің ағасы 4 маусым күні жем-шөп жеуден қалған малын ветеринарға көрсетті. Ветеринар: «Жайылым кезінде уланып қалған болар» деген болжам айтты. 7 маусым күні малды сойып, жақын-жуыққа саттық. Егер, ветеринар бізге малдың жұқпалы дертпен ауырғанын айтқанда, ауылдастарға таратпайтын едік. Біз шеге ме, бірдеңе жұтып, тәбеттен қалған болар деп ойладық. Білгенде, бірден көзін жояр едік. Ветеринар ешқандай сынама алған жоқ. Енді бәрі бізді кінәлап жатыр»,-дейді Нұртілеу Кәкенұлы.

Он күннен кейін мал сойған кезде қолын кесіп алған Кәкен Қажкеновтың жағдайы нашарлайды. Қолы ісіп, безі шошып, денесінде қара таңбалар пайда болады. Нұртілеудің де денесіне қара ноқаттар шығады. Әкелі-балалы 18 маусымда дәрігерлік көмек алу үшін 170 шақырым жердегі Қарағанды облысының орталығына тартқан.

«Біз сол күні үш аурухананың есігін тоздырдық. Әуелі Қарағанды қаласының №1 қалалық ауруханасына қаралдық. Әкемнің қолындағы кесіп алған жарақаты асқынып, иығына дейін күп болып ісіп кетті. Дәрігерлер укол салып, бізді облыстық Тері-венерологиялық диспансерге жіберді. Ал, ол күні сенбі болғандықтан, диспансер қызметкерлері есігінен де қаратпады. Дүйсенбі келіңдер деді. Сосын біз өздігімізден облыстық медициналық орталыққа келдік. Әкемнің ауруы жанына батып, ауруханада қалғысы келді. Бірақ, жолдамамен келмегендіктен бұл жер де бізді жатқызудан бас тартты. Дәрігерлер бізден ауру белгілерінің қалай пайда болғанын сұрады. Он күн бұрын сойылған малдың науқасымызға қатысы барын қайдан білейік. Ісіп кеткен қолдағы жара мен қышыған бөртпелердің ненің белгісі екендігін дәрігерлер білмесе, біз қайдан білеміз»,-дейді Нұртілеу.

Қарағандылық дәрігерлерден қайыр болмағандықтан, сол күні әкелі-балалы науқас Еркіндікке қайтады. Ауылға келгеннен кейін Кәкен Қажкеновтың ауруы асқынып, ыстығы түспей, ауылдық медбикені шақырады. Аурумен арпалысқан науқас 19 маусымда Ағадырға аттануға мәжбүр болған. Тек, Ағадыр кентінің дәрігері ғана науқасқа «Сібір жарасы» деген диагноз қойып, қастарына медбикені қосып, облыс орталығына жөнелтеді. 20 маусым күні түнде ауыр күйде Қарағанды облыстық инфекциялық орталығының жансақтау бөліміне жатқызылған Нұртілеудің әкесі 21 маусымда көз жұмды.

Ал, сібір жарасынан қайтыс болған екінші науқас қатерлі дертті шикі еттің тұз-дәмін көру барысында жұқтырған. Еркіндік ауылының тұрғыны Қарағанды қаласына қонаққа барған кезде нашарлайды. Төрт баланың анасы 18 маусым күні Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасына қышыма мазалап, ыстығы көтеріліп түседі. Әйелдің сібір жарасын жұқтырғаны дәрігерлерге тек екі күннен кейін ғана белгілі болған. Еркіндік ауылында сібір жарасы қоздырғышы табылғаны анықталғанда барып, науқас әйелді 20 маусымда облыстық инфекциялық ауруханаға ауыстырады.

Қатерлі аурудан көз жұмған екі тұрғын да санитарлық-эпидомилогиялық талаптарға сай жерленді. Нұртілеу үйінің бас көтерері болғанымен, әкесінің жерлеуіне қатыса алмады. Облыстық инфекциялық ауруханада дәрігерлердің қадағалуында ем қабылдап жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, аса қауіпті ауру ошағының табылуына байланысты Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылы мен одан 50 км радиус қашықтықтағы аумаққа 22 маусымда төтенше жағдай жарияланды. Ауылға баратын барлық бағыттар мен дала жолдары жабылды. Бұл ауылдан ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдауға тыйым салынып, көлік қатынасы тоқтатылды. Қазіргі таңда республикалық Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары арнаулы құрал-жабдықтарымен Еркіндік ауылында тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Мамандардың айтуынша Еркіндік ауылынан әзірге сібір жарасын жұқтырған бір мал ғана анықталды. Ауылда 465 адам тұрады. Ауру малдың етін тұтынғандармен 62 адам, оның ішінде 21 бала араласқан. Бүгінгі таңда барлығына дерлік емдік шаралар жүргізіліп, тексерістен өткізілді. Олардан ауру қоздырғышы анықталған жоқ.

Қарағанды облыстық инфекциялық ауруханасында сібір жарасын жұқтырған 8 науқас ем қабылдауда.

Қарағанды облысының Ішкі істер департаменті ҚР ҚК 327 бап 1 тармағы бойынша Ветеринарлық ережелердi және өсiмдiктердiң аурулары мен зиянкестерiне қарсы талаптардың сақтамалмауынан ауыр салдарға алып келу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Дереккөз: БАҚ. КЗ Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив