Зайсанда алыстан көз тартатын, салтанаты келіскен әмбебап «Рахат» сауда орталығы ашылды. Екі қабатты зәулім кешенді ерлі-зайыпты Марат, Тұрсынгүл Ахметжановтар банктен несие алып, өз қаржыларына салды.
Сонау нарықтың алғашқы жылдарында Тұрсынгүл нан зауытында технолог болып қызмет етті. Нарық қыспаққа алған кезде қарап отырмай, тіршілік жасау керек екеніне көз жеткізген іскер жан нан, нан-тоқаш, торт жасайтын зауыт ашып, аудан жұртшылығын қамтамасыз ете бастады. Тұрсынгүлдің тағамдарын жұртшылық іздеп жүріп алатын болды.
Сауда орталығының салтанатты ашылуында аудан әкімі Алмас Оңдақанов сөз алып, Ахметжановтардың аудан тұрғындарына сіңірген еңбектеріне лайықты баға беріп, қазір нан, нан-тоқаш тағамдарының алпыстан астам түрін шығарып жатқанына, 13 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанына алғысын айтты. Бұдан кейін Күләш Ынтықбаева мен Ғалия Бақтыбаева Тұрсынгүлдің қиын кезде жол тауып, халықты қажетті тағамдармен, нанмен қамтамасыз еткенін тілге тиек етті. Аудан әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Шаймардан Оралбаев Ахметжановтардың үлгісі басқаларға жұғысты болғай деп тілек білдірді. Бұдан кейін сауда орталығының ішіне енген жиналған қауым нан-тоқаш, торт тағамдарын пісіретін технологиялық жабдықтарды тамашалады. Марат пен Тұрсынгүл дайындаған астың дәмін татты.
Оңдасын Елубай.