KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
443.37 474.49 4.83

Екі мектеп ескі атаудан құтыла алмай отыр

7.01.2016, 18:00 242


Катонқарағай ауданында екі бірдей білім ошағы Лениннің есімінен құтыла алмай отыр. Оның біреуі Катонқарағай ауылында, бірі аудан орталығы Үлкен Нарында орналасқан. Екеуі де қазақтың кез келген тұлғасының атын ұялмай беруге болатын, тарихы бай шаңырақтар.

Біз - аруақ сыйлаған елміз. Алайда, ешкімді дәл Лениндей ұлықтамаған шығармыз. Кеудемізге төсбелгі етіп тақтық, төрімізге портретін ілдік. Кеңшардан бастап, кені тасыған қаламызға дейін есімін бердік. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың Ленинге өкпесі болмаса, Лениннің қазаққа өкпесі жоқ.

Өзге елдер мүсінін қидай сыпырып қоқысқа тастағанда, тағы да кеңдік танытып, арнайы алаң жасап, тұтас аллея түздік. Әділетін айтар болсақ, кеңестік идеологияның қалдығы тәуелсіз елдің танымына шабуылдамай ғана қазақ тарихының қалтарысында, өз аялдамасында қалуы керек еді. Алайда, Ленин есімі әлі де уақытпен бірге жасай түсуге дәмелі сияқты. Дәмесі зор дейін десек, топонимдерді қайта атауға жарияланған мораторий бар. Катондағы қос мектептің қолын байлап отырған да осы мораторий. Олай дейтініміз, мектепті қайта атау үшін мұғалімдері 2006 жылдан бері шыр-пыр болып келеді. Бұл процестің ширек ғасырға созылып кеткеніне сенгің де келмейді. Тіпті, 2002-2003 оқу жылдары Катонқарағайдағы мектеп ұжымы өз ішінен шешім қабылдап, оқушыларға дәптер мен күнделіктерінің сыртын Лениннің есімін кіргізбей толтыртқызып, ерікті қадам жасаған болатын. Алайда, қандай орынды болса да, заң аясынан тыс қадамның аты - – заңсыздық. Арада екі жыл уақыт өтпей, білім ошағы бұрынғы қалпына келген.


2007 жылы мәселе аудандық деңгейден шығып, облыстық ауқымға өткен. Оған дейін Катонқарағай ауылындағы мектепке екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы ардагер ұстаз Сейітқамза Ластаевтың есімін беру жөнінде әуелі мектеп ішінде, кейін бес бірдей еңбек ұжымының қатысуымен ауыл тұрғындарының арасында жиналыс өткен болатын. Барлық жиында ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, аудандық ономастикалық комиссияда да мақұлданған болатын.

Аудан орталығындағы мектепті жай ғана Үлкен Нарын орта мектебі деп өзгерту туралы ұсыныс та мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарының тарапынан бірауыздан қолдау тапқан болатын. 2007 жылдың сәуір айында бұл ұсыныстар аудан әкімінің атынан облыстық ономастикалық комиссияға жолданады. Облыстағылар да мақұлдап, Үкіметтің жанындағы ономастикалық комиссияға жолдайды. Міне осы тұстан бастап, шаруа шатқаяқтап кеткен. Қос мектеп ескі атауынан ажырамақ түгілі, Астанадан нақты жауап та келмеген. Бұл мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс және талдау бөліміне хабарласқан едік. Бөлім басшысы Роза Төлемісованың айтуынша, мораторий қанша тұсау болғанымен, дамылсыз жұмыс істеген кейбір аудандар аралықтағы жылымықтарды пайдаланып, шаруасын тындырып үлгерген.

- Өткен жылы бұл мәселеге мораторий жалғасқанымен, Жеңістің 70 жылдығына орай екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына бұл шектеудің үкімі жүргізілмеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігі жөнінде барлық аудандарға хабарладық. Солардың ішінде Катонқарағай да бар. Олар тек Сейітқамза Ластаевтың есімін ұсынып үлгерді. Сол себепті Үлкен Нарын ауылындағы мектептің мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр. Егер белсендірек болғанда, мектепке есімін беруге лайық ардагер тапқанда, мұндай мәселе болмас еді, - дейді маман.
Роза Төлемісова Катонқарағайдағы мектепке Сейітқамзаның атын беру туралы ұсынысты республикалық комиссия мақұлдағанын да жеткізді.

Ал Катонқарағай аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бралинов республикалық комиссияның оң шешіміне 2009 жылы қол жеткізіп қойғандарын айтады. Бірақ комиссия шешімі негізінде Үкімет қаулысы шықпаған.
-2010 жылы сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедке хат жолдап, мәселенің 2007 жылдан бері созылып келе жатқанын баяндағанбыз. Көп өтпей жауап алдық. Онда екі мектепке қатысты оң шешім 2009 жылдың наурызында шығып кеткені, осы шешім бойынша Үкіметке қаулы ұсынылатыны айтылыпты. Содан бері Астанадан ақжолтай хабар күтіп жүрген жайымыз бар, - дейді депутат.


Бұл мәселеге ауданның зиялы қауымы да алаңдаулы. Ақын, ардагер журналист Жәнібек Қызыр ендігі бар үміті келе жатқан тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойында екенін айтады.

- Өткен жылы жер-су мен мекеме аттарын қайта атауға мораторий болғанымен, Жеңістің 70 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің есімін беруге жеңілдік берілді. Биыл сондай жеңілдік тәуелсіздік тудырған ұғымдарға берілсе екен. Үлкен Нарындағы мектепті «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» деп атаса да болатын сияқты. Мұндай атаулар дәстүрде бұрын да болған. Әйтеуір Лениннің атынан жақсы ғой, - деген ақын аудандағы мектеп атауларына байланысты тағы бір олқылықтың шетін шығарды. Бүгінде бұрынғы Ново-Березовка ауылы Алтынбел деп, Черемушка ауылы Үштөбе деп, Чернова ауылы Аққайнар деп қайта аталғанымен ондағы білім ошақтары ескі атымен аталып келеді. Соның кесірінен ауыл мен мектептің атауы бір-бірімен сәйкеспейтіндей күйге түскен. Жергілікті зиялы қауым үшін бұл да көзге күйік, құлаққа түрпі болып отыр.

Түйінін айтар болсақ, Оралхан Бөкей мен Қалихан Ысқақ, Әлібек Асқаров пен Дидахмет Әшімханов, Баламер Сахариев пен Қабдөш Дамитов, Шанақ Ауғанбаев пен Ақтан Нұрбаев шыққан өлкеде екі бірдей мектептің Ленин есімінен 25 жылдың ішінде құтыла алмай отыруы ұят-ақ. Жаз туа «Қайдасың, Төр Алтай» деп ағылатын атқа мінерлердің де осы мәселені көрмеуі, елемеуі, елең етпеуі таңғалдырады.

Есімжан Нақтыбайұлы
Катонқарағай ауданы.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив