KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Драма театрлар фестивалі тұңғыш рет Шығыс Қазақстанда өтіп жатыр

22.09.2015, 18:00 107



Өскеменде еліміздегі драма театрлардың ХХІІІ республикалық фестивалі ашылды. Оған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Фестивальдің ашылу салтанатының алдында журналистер үшін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Гүлнафис Мырзашева бұл өнер шарасының Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Өскеменде өткізіліп отырғанын, фестивальға қатысуға көптеген театрлардың ұсыныс жасағанын, десе де сараптамалық кеңес ұсынылған шығармалардың сапасы мен деңгейін салыстырып, олардың ішінен сегіз театрды іріктеп алғанын айтты. Бір атап айтарлығы, фестивальде сахналанатын шығармалардың тақырыбы 2015 жылдың айтулы даталарына арналып отыр. Салтанатты шараның құрметті қонақтары мен қазылар алқасы мүшелерінің арасында көрнекті театр және кино актері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерсайын Тәпенов, театр және әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова, тарихшы, Білім және ғылым министрлігінің мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, жазушы Мұрат Ерғалиев және тағы басқалар бар.

- Қазақта театр ордасын қарашаңырақ дейді. Қарашаңырақтарыңыздың жаңа ғимараты құтты болсын. Биыл Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалін өткізу - бұл үлкен міндет, қомақты қаражатты қажет ететін айтулы шара. Сол шараны абыроймен өткізейік, - деген фестивальдің қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов өнер додасына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен, көпшілік тағатсыздана күткен шара - Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалінің ашылу салтанаты да басталды. Фестивальға қатысушы театр ұжымдарын таныстырғаннан соң, сөз кезегі Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Гүлнафис Мырзашеваға берілді. Министрлік өкілі барша қауымды өрісі кең өнер мерекесімен құттықтай отырып, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын оқып берді.

«Құрметті фестивальға қатысушылар мен қонақтары! Сіздерді қазыналы Алтай өңірінде ұйымдастырылып отырған Қазақстан драма театрларының ХХІІІ-ші республикалық фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылғандай, 2015 жыл - ұлттық тарихты ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Осы орайда мәдениет саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда еліміздің тұғыры биік өнер ошақтары - театрлардың маңызы өте зор. Бұл өнер мерекесі аясында еліміздің театрлары Қазақ хандығының 550, Ұлы Абайдың 170, Ұлы Жеңістің 70, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойларына арналған шығармаларын көрермендерге ұсынатын болады. Жалпы, өнер мен мәдениетке қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті дамытуды мақсат еткен бұл басқосу Қазақстандағы драма театрлардың мәдени тұрғыдан пікір алмасуына, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне ықпал ететініне сенімім мол. Мәдениет және спорт министрлігі атынан фестивальді ұйымдастыруға атсалысқан Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіне айтар алғысым шексіз делінген құттықтау хатта.

Одан кейін сөз тізгінін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар алды.

- Құрметті қонақтар, қадірменді әріптестер, жерлестер! Бүгін сіздер мен біздер облысымыздың орталығы Өскеменде тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Облысымызда тұңғыш рет Қазақстан театрларының республикалық фестивалі өтуде. Шынын айту керек, осындай өнер шарасын өткізу жайында талай рет ойлағанымызбен, оған лайықты ғимаратымыз болмады. Сондықтан да осы уақытты күттік. Осынау ғимаратты салу үшін облыстық бюджеттен 3 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бүгін жаңа ғимаратта осы фестивальдің өтуі біздің елімізде, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында ұлттық өнерге, мәдениетке деген көзқарастың оң екенін және оның даму қарқыны ешқандай да бәсеңсімегенін көрсетеді. Қазақ театр өнерінің қайнар бұлағы, алтын бесігі - Шығыс Қазақстан облысы дейтін болсақ, бүгінгі ашылып отырған ХХІІІ республикалық театр фестивалінің осында өткізілуі заңдылық. Барлықтарыңызға алғыс білдіреміз. Фестивальдің жұмысы нәтижелі болсын, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Осылайша облыс орталығы - Өскемендегі республикалық деңгейдегі өнер шарасының шымылдығы - Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұжымының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жазушы-драматург Д. Рамазанның «Керей-Жәнібек» қойылымымен ашылды. Ал кешкісін көрермен назарына Семей қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының тарихи тақырыпқа арналған спектаклі ұсынылды.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив