KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
443.35 475.54 4.82

Оңалту орталығы бұрын сотталған жандарды жаңа өмірге бейімдейді

25.08.2015, 18:00 176



Ольга сұхбат беріп үйренбеген. Ол журналистердің сұрағына жауап бергеннен гөрі, өз әңгімесін ақырындап баяндағанды жөн көрді. Қазір көңіл күйі жайланған келіншектің түрмеден босап шыққан кезде барар жері болмапты. Колониядан сәбилі болып шыққан Ольганы алғашында қайтыс болған күйеуінің шешесі уақытша паналатады. Көп ұзамай басқа баспана іздеуді өтінеді. Екі жарым жасқа келген қызын алып, не ешқайда тіркеуде жоқ, не құжаттары дұрыс емес, «Answer» қоғамдық бірлестігіне келеді.

- Мені осы жерде үй тіркеуіне қойды. АИВ жұқтырушысы болғандықтан, еш жерде жұмысқа алмады. Өзім жазылмас дерттің құрбаны болғаныммен, сәбиім дін аман дүниеге келді. Ендігі арманым кішкентайымның өмірін өксітпесем, соған заодабым тимесе екен деймін. Мен қоғамдық бірлестіктің заңгерлері мен психологтарына шексіз ризамын. Солардың көмегінің арқасында екі қолға бір жұмыс таптым. Қазір пәтер жалдап тұрамын, қызым жекеменшік балабақшаға барады. Тұрмысымыз енді түзеліп келе жатыр, - деп сырын ақтарды келіншек.

50 миллион теңгенің инвестициясын тартқан әлеуметтік жоба

«Answer» қоғамдық бірлестігі - бұрын сотталғандар және ЖИТС/АИВ дертіне шалдыққандарды жаңа өмірге бейімдеумен айналысатын, есірткіге тәуелділермен жұмыс істейтін, олардың қоғамға қайта оралуына қолдау көрсететін облыстағы бірден-бір үкіметтік емес ұйым. Белсенділер соңғы бес жылдан бері қоғамның азғындаған тобы болып саналатын бас бостандығынан айырылғандарды, нашақорларды оңалтудың моделін жасаумен айналысып келеді. Осы әлеуметтік жобалары үшін қоғамдық қор Жапонияның грантына ие болған. «Ең үздік әлеуметтік жоба-2014» облыстық байқауының жеңімпазы, «Ең үздік әлеуметтік жоба-2014» республикалық конкурсының лауреаты. Қоғамдық қордың бастамасымен жапондықтардың қаржысына салынған дропин-орталығы облысқа 50 миллион теңгенің инвестициясын тартты.

Дропин-орталық Қазақстанда бар болғаны үш-ақ жерде, Павлодар, Шымкент және Өскемен қаласында ғана бар екен. «Басқаша айтқанда, бейімдеу, оңалту орталығы. Бір кездері бізге мониторинг сөзі оғаш естілген еді, қазір сараптама, талдау сияқты баламасы бола тұра, көбінде мониторинг деп айтамыз» деп түсіндірді бізге «АИВ-пен өмір сүретін адамдардың Орта Азиялық қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігінің коммуникациялар бойынша аймақтық маманы Марина Максимова.

Бірлестік төрайымының орынбасары, заңгер Сергей Дактың сөзіне қарағанда, дропин-орталық жұмыс істеген бес айдың ішінде онда қырық бір адам уақытша тұрған. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері түрмеден босап шыққандарға нақты босатылғаннан кейінгі алты ай көлемінде психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетеді, олардың еңбек етіп, күнделікті тұрмысқа бейімделуіне жағдай жасайды.

- Орталықта алты айға дейін тұруға болады. Осы уақытта біздің қызметкерлеріміз олардың құжаттарын жөндеп, үйге тіркеуге қояды. Үй тіркеуінсіз бүгінде бірде-бір мәселе шешілмейді. Емханаға қаралу үшін де, халыққа қызмет көрсету орталығынан бір анықтама алу үшін де тіркеу қажет. Ал түрме қабырғасынан жаңа босап шыққандарға кеңсе тілін түсіну қиын, олар үшін автобусқа отырудың өзі үлкен стресс. Біздің қызметкерлеріміз олармен ілесіп барады, шаруаларын тындыруға қол ұштарын береді, - дейді Сергей Дак.

Шалыс басқандардың шағымын кім тыңдайды?

«Answer» қоғамдық ұйымының көмегіне жүгінгендер бізге өз әңгімелерін еш бүкпесіз жайып салды. Бұл жерде олар ешкімнен қысылмайды, өйткені барлығының тағдыры ұқсас, проблемалары бірдей. Қор қызметкерлерінің арасында да бұрын жаза басқандар кездеседі.

Өзін Сергей деп таныстырған жігіт ағасы тек белсенділердің көмегінің арқасында тірі қалғанын айтады. 2011 жылдан бері ЖИТС/АИВ дертін жұқтырған статусымен өмір сүріп келеді. Мұндай диагнозға қоғам мүшелерінің көзқарасы әртүрлі, көбінде жағымсыз.

- Бірде ауырып қалдым, алайда мені емдеу мекемелері қабылдаудан бас тартты. Тек ұйым қызметкерлерінің араласуынан кейін ғана ауруханаға жатқызып, он күн ем-домымды жасады. Тәуір болып кеттім, - деп есіне алады ол. - Содан бері осы жерге өзім сияқтылармен араласу үшін келіп тұрам. Отбасым, жұмысым бар. Егер біреуге көмек қажет болса, мен де қолымнан келгенін аямаймын.

Қоғамдық ұйымның психологы Елена көмек сұрап келген жандарды өз үйіне алып кетуге дейін мәжбүр болыпты. Қалталарында ақшалары, не жақын-туыстары жоқ жандардың жалғыз үміті - осы қоғамдық қор екен.

- Кейде алыс жақта тұратындардың поезы екі күннен кейін жүретін болады. Көшеде қалса, міндетті түрде бірдеңеге ұрынары сөзсіз. Амалсыздан үйге алып кетіп жүрдім, - дейді Елена.

Орталықтың тағы бір қызметкері Евгений бұрын сотталған. Осыдан төрт жыл бұрын жазасын өтеп шыққанда мекенжай тіркеуі болмапты. Қоғамдық ұйымның қызметкерлері оны жұмысқа алады. Содан бері Евгений түрмелерді аралап, тағдырлас жандарды «Answer» ұйымының жұмысымен таныстырады, босап шыққанда нақты қандай көмек алуға болатынын түсіндіреді.

Мемлекеттік пробация қызметінің серіктесі

Ұйымдастырушылар дропин-орталықтың жұмыс үлгісін төрт жыл бойы іздестіріпті. Олар Жапонияның, Нидерландының тәжірибелеріне сүйеніп, шалыс басқандарды қоғамға еңбек терапиясымен қайта бейімдеген жөн деген шешімге келеді. Осылайша олардың көкөніс өсіретін өз бақшалары, үй қояны мен тауықтары пайда болады. Келушілер биыл көктемде картоп, қызанақ пен қияр салыпты. Олар үй жануарларын бағуға да, бақшаны қарауға да әзір.

Облысымызда он төрт түзету мекемесі орналасқанын, ресми мәліметтерге сәйкес, жыл сайын екі мың адамға дейін түрмеден босап шығатынын ескерсек, дәл біздің өңірге мұндай орталық өте қажет. Аймақтағы сотталған жандарға арналған мемлекеттік бейімдеу орталығы 2011 жылы жабылып қалған болатын.

- Біз «Answer» қоғамдық бірлестігімен екі жылдан бері бірлесіп жұмыс істейміз. Жыл басынан бері ғана бірлестікке бостандыққа шыққан 78 жанды психологиялық көмек алу үшін жібердік. Сонымен қатар, он тоғыз адамға құқықтық кеңес берілді. Белсенділердің көмегімен олар құжаттарын жөндейді, үйге тіркеледі. Бірлесе істеген жұмысымыздың жемісі көзге көрінерліктей, - дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Өскемен пробация бөлімі бастығының орынбасары Сымбат Батаев.

Әкімдіктен жәрдем күтеді

Қоғамға ауадай қажетті осындай ауқымды істерді тындырып келген дропин-орталықтың ғимараты жоғарыда айтылған жапондықтар бөлген грантқа салынған. Бәрі жақсы, алайда жоспардан тыс тексеру кезінде Ертіс су бассейні инспекциясы ғимараттың табиғатты қорғау аймағында тұрғанын анықтайды. Осыны алға тартқан Өскемен мамандандырылған әкімшілік соты өткен жылдың күзінде екіқабатты үйді бұзу жөнінде шешім шығарады. Алайда, қоғамдық ұйымның белсенділері бұл шешіммен келіспей, өз уәждерін айтуда.

- Біз грант жеңіп алғаннан кейін, үй салуға жер телімін іздестіре бастадық. «Дружба-2» саяжай қоғамдастығына қарайтын учаске бізге лайықты көрінді, - деп түсіндіреді Сергей Дак. Олар жер телімін бұрынғы қожайындар салған үймен қоса сатып алады. Айтпақшы, көмек сұрап келгендердің барлығы сол мекенжайда тіркеулі. Ал дәл сол үйдің қасынан бой көтерген орталықтың ғимараты неге аяқастынан табиғатты қорғау аймағында орналасқанын олар түсінбей дал.

- Жер телімін сатып алған құжатта да ол жайында ештеңе көрсетілмеген, - дейді заңгер. - Бір мемлекеттік орган - «ЖерҒӨО» РМК берген құжатта ешқандай шектеу көрсетілмеген, ал екінші мемлекеттік орган -Ертіс су бассейні инспекциясы заңбұзушылық тауып отыр. Егер о баста құрылыс жүргізуге болмайтыны құжаттарда көрсетілсе, бұл жер телімінен бас тартар едік.

Бір қызығы, жер телімінің актісінде шаруашылық қызметті Ертіс өзенінің суын қорғау жолағынан 20 метр қашықтықта жүргізуге шектеу қойылған, олар бұл талапты орындаған. Соған қарамастан, қоғамдық қор барлық сотта жеңіліс тапты.

Жуықта облысымызға келген Жапонияның еліміздегі елшілігінің бірінші хатшысы Аракава Масаери облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омармен кездесу барысында осы мәселені көтерген болатын. Облыс әкімінің орынбасары бірлескен жобаның мәселесі қыркүйектің ортасына дейін өз шешімін табатынын жеткізген еді.

- Әзірге бізге әкімдіктен ешқандай ұсыныс немесе нұсқау түскен жоқ, - деп жауап берді бізге Сергей Дак. - Қазір ғимаратты ақырындап бұзуға кірістік, еденіндегі линолиумді сыпырып алдық. Біздің қызметкерлеріміз апта сайын түзету колонияларына барып, мерзімдері бітуге таяған адамдармен әңгімелеседі, оларға өзіміздің мүмкіндіктеріміз жайында айтып береді. Бұл жұмыстар қазір де жалғасуда. Өкінішке орай, біз оларға енді уақытша баспана ұсына алмаймыз. Бірақ бұрынғыдай құқықтық, әлеуметтік, психологиялық кеңес беріп, құжаттарын жөндеп береміз. Мекенжайға тіркеуге де құқылымыз, өйткені қожайындардан қалған үйдің ғимараты сақталады. Колониядан күнделікті босап шығып жатқандар телефон шалып, уақытша тұратын жер сұрайды.

Өмірдің қиын сынына тап болған жандарды тағы бір сынақ күтіп тұр. Бұл сыннан сүрінбей өте алар ма екен?

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив