KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 4 м/с, СБ
483.23 534.74 5.12

Арнайы Олимпиада ойындарында ШҚО спортшылары 8 медаль иеленді

19.08.2015, 18:00 162



Кеше Өскеменнің іргесіндегі Винное ауылында орналасқан «Титан» ат спорты кешенінде тамаша бір іс-шара, атап айтқанда, таяуда АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында аяқталған XIV жазғы Арнайы Олимпиада ойындарынан оралған спортшыларды ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Биылғы дүбірлі додаға әлемнің 160-тан астам елінен жеті мыңға жуық спортшы қатысқанын айту керек. Қазақстан бұл ойындарға 67 спортшыны апарса, соның алтауы - біздің облыстың өкілі. Бұл спорт мерекесінде шығысқазақстандықтардың, әсіресе, ат спортынан мықты екені аңғарылды. Бейімделген ат спорты жарыстарында біздің жерлестеріміз сегіз медаль жеңіп, еліміздің жалпыкомандалық есепте биік сатыдан көрінуіне елеулі үлестерін қосты. Әсіресе, қанжығасына бір алтын, бір күміс, бір қола жүлде байлаған Диас Ескермесовтің жетістігін ерекше атап өткен орынды. Осыған дейін бірнеше елішілік, халықаралық жарыстарға қатысып үлгерген Диас Лос-Анджелесте тамаша өнер көрсетіп, көптің таңдайын қақтырды. Сондай-ақ, үш бірдей күміс жүлдеге ие болған Дарья Иванова, бір алтынға қол жеткізген Фаик Насибов пен бір күміс медаль жеңіп алған Әйгерім Құмарбековаға да қандай мақтау айтса да жарасады. Мұны өз сөзінде спортшыларды ұлықтау рәсіміне қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьмин де тілге тиек етті.

- Осыдан екі жыл бұрын Винноеда облысымызда, тіпті, республика көлемінде баламасы жоқ ат спортына арналған манеждің құрылысын бастаған болатынбыз. Мұндай алып ғимаратты салуға облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, аймақ басшылығы тарапынан ерекше қолдау көрсетілді. Осының бәрі өзіміздің балаларға арналып жасалды. Соның нәтижесінде бүгінде ұл-қыздарымыз дүбірлі додаларға қатысып, осындай үлкен жеңістерге жетуде. Лос-Анджелестегі ойындардан ел намысын абыроймен қорғап қайтқан спортшыларымызға тек қана рақмет айтып, жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтағым келеді, - деді Николай Кузьмин.

Жалпы, Лос-Анджелесте жерлестеріміз «жылқы үйрету», «жұмыс жолы», «ағылшынша жүріс» сияқты жарыс кезеңдеріне қатысып, 130-ға таяу қарсыласымен бақ сынасқанын айта кеткен жөн.

Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін ұлықтауға арналған шараға қатысқан тағы бір мейман, «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президенті Андрей Лазарев спортты жандарына серік еткен балаларға алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізіп, жеңімпаздардың ата-аналары мен жаттықтырушыларына ерен еңбектері, төзімділіктері мен балаларға деген сенімдері үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде спортшылардың ата-аналары бұл жеңістің барлығы балалардың ынта-жігері мен ел ағаларының оларға көрсеткен демеушілігі арқасында мүмкін болып отырғанын айтты.

- Балаларымызды АҚШ-қа шығарып саларда оларға аман-есен барып, мойындарыңа тым болмағанда бір-бір медальдан тағып қайтыңдар деп айтқан болатынбыз. Олар болса, біздің үмітімізді ақтап қана қоймай, төртеуі сегіз медальға қол жеткізді. Балапандырымыздың өнерлерін өз көзімізбен көруге мүмкіндік болмаса да, оларға сырттай жанкүйерлік етіп, өзімізше демеп отырдық. Қазір балаларымыз елге жеңіспен, абыроймен оралғанда қуаныш кеудемізді кернеп, төбеміз көкке жеткендей болды, - дейді бақытты ата-аналар.

Мерейі тасыған ата-аналарды спортшы балаларды АҚШ-қа бастап барған Бақыт Солтанова да қостады.

- Бәрімізге де балаларымыздың қасымызда аман-сау ойнап-күліп жүргенінен артық бақыт жоқ. Жалпы, біздің осындай тамаша манежімізде жүргізілетін жаттығулар тым болмағанда бір баланы аяғынан тік тұрғызуға көмектесетін болса, соның өзі қуаныш. Бұдан былай да балақайларымызды заманауи манежде жаттықтыруға, оларды спортқа, қоғамға бейімдеуге күш-жігерімізді аямайтын боламыз, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан үш жыл бұрын Глубокое ауданының Винное ауылында құны 180 миллион теңгені құраған үлкен ат спорты манежі салынған болатын. Қазір мұнда иппотерапия мен бейімделген ат спортынан мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыруға арналған жаттығулар өткізіледі. Балалармен арнайы нұсқаушылар мен психологтар жұмыс істейді. Осы мақсатта Мәскеуден бір топ ғалымдар келіп, біздің мамандарға арнайы семинарлар да өткізген-ді. Манежді күтуге жылына шамамен 90 миллион теңгедей қаражат жұмсалатынын да айта кету керек.

Салтанатты шара соңында шетелден жеңіспен оралған спортшылар облыс басшылығы мен демеушілік жасаған компанияларға алғыс хаттар тапсырды. Өз кезегінде балалар бағалы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Нұржан Кенжеұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив