KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
487.37 532.94 5.09

Белоусовкадағы апатты үйдің мәселесі шешіледі

2.10.2024, 13:16 141 Нұржан Кенжеұлы

Белоусовка кентінің Юбилейный көшесінде орналасқан №7 көппәтерлі тұрғын үйдің мәселесі шешімін табатын болады. Бұл туралы аталмыш үйдің тұрғындарымен кездескен Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қазір мәселе облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың тікелей бақылауында.

Белгілі болғандай, 2007 жылы жүргізілген алғашқы сараптама нәтижесінде үйдің екі, дәлірек айтсақ үшінші және төртінші подъезіндегі пәтерлер тұруға жарамсыз деп танылған. Артынша 34 пәтердің тұрғындары көрші тұрғын үйге көшірілген. Қалған екі подъездің тұрғындарына ешқандай қауіп төнбеген соң, олар өз баспаналарында қала берген.

Алайда, ұзақ уақыт бойы үйдің қалған бөлігінің тұрғындары әкімдікке ресми шағым түсірмегендіктен, жағдай біраз ушығып кеткен сыңайлы.

– Аталмыш үйдің тұрғындарынан бірде-бір жазбаша шағым түспеген. Сондықтан техникалық сараптама жүргізіліп бітпейінше ешқандай шешім қабылдай алмаймыз. Соған қарамастан, халықты проблемаларымен бетпе-бет қалдырмаймыз. Қолдан келген көмекті көрсететін боламыз. Бүгін жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын естіп қайттық. Баспана мәселесіне қатысты ортақ келісімге келеміз деп ойлаймын, – деді Эльдар Тумашинов.

Аудан басшысының айтуынша, Юбйлейный, 7 мекенжайындағы үйді толықтай тұруға жарамсыз деп тану туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін тағы бір техникалық сараптама қажет.

– Аудан әкімдігі бізді естіп, жылдар бойы қордаланып келе жатқан мәселемізді шешуге көмектеседі деп ойлаған жоқпыз. Бүгінгі аудан басшысымен әңгімелесудің нәтижесіне ризамыз және сараптама нәтижелерін тағатсыздана күтетін боламыз, – деп атап өтті апатты үйдің тұрғыны Алена Звонцова.

Эльдар Тумашинов жақын арада жүргізілуге тиіс жаңа сараптама аяқталғаннан кейін үйдің мәселесі міндетті түрде шешімін табатынына уәде берді. Аудан басшылығы тұрғындарды басқа үйлерге көшіруге, сондай-ақ олардың мүлкін сатып алуға дайын. Сонымен қатар, әкімдік адамдарға қолжетімді ипотекалық бағдарламалар арқылы жаңа тұрғын үй сатып алуға көмектесуге әзір.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив