Қайсенов кентіне жылу қашан беріледі?
Фото: depositphotos.com
Облыс орталығының іргесінде тұрған Қасым Қайсенов кентінде не ыстық су жоқ, не жылу берілмеген. Елді мекеннің көшелері жаз бойы қазылып, шаңы шығып жатты. Тұрғындарының 70 пайызы – зейнеткер. Суық судан қол-аяқтары қақсап, зардап шеккен қарттардың көбі пәтерлеріне аристон құрылғысын орнатып алып, сонымен су жылытып, пайдаланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов кентке қашан жылу берілетініне түсініктеме берді.
– Кенттің қазандықтарын жөндеу жұмыстарына 183 миллион теңге қаражат бөлдік, олардың жөндеу жұмыстары созылған жоқ, бүгінде төрт қазандық дайын. Қазір тек екі қазандықпен біз Қасым Қайсенов кенті мен құс фабрикасын жылыта аламыз. Қазандықпен кенттің ортасындағы жылу жүйелерін жөндеу екі кезеңге бөлініп, жоба жасалған. Бірінші кезеңде қазандықтан кентке дейінгі 860 метр жылу трассасын ауыстыру керек болатын, бұл жұмыстар аяқталып, кеше опрессовка басталды, сынақ жүріп жатыр. Республикалық бюджеттен қаржыландырылғаннан кейін қаражат кеш түсті, былтыр басталған жоба. Енді екінші кезең – кварталішілік желілерді жөндеу басталды, оған биыл 2,4 миллиард теңге бөлінді, бұл қаржы да кеш түсті, келесі жылы қосымша 300 миллион теңге қаражат бөлінеді. Бірақ бұл жұмыстар жылыту маусымына кедергі келтірмейді, жүре береді. Сонымен келесі жылы Қайсенов кентінде кварталішілік және магистральдық желілерді жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтаймыз деп отырмыз. Жылу да, ыстық су да сынақтар аяқталғаннан кейін келесі аптада беріліп қалады. Тұрғындар сәл шыдамдылық таныта тұрса, – деді Нұрлан Рамазанов.
Оқи отырыңыз