Алаяқтар қолға түсті: Пәтер алуға көмектесеміз деп алдаған
Фото: depositphotos.com
Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен пәтер сатып алуға көмектесеміз деп халықты алдаған алаяқтар 142 млн теңге пайда тапқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық ПБ Ертіс полиция бөліміне хабарласқан азамат алаяққа алданып қалғанын жеткізген. Оның айтуынша, 2022 жылдың қарашасында белгісіз біреулер пәтер алуға көмектесуге уәде беріп, 5 млн теңге алған. Бірақ сөздерінде тұрмай, хабар-ошасыз кеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктілерді қолға түсірді. Олардың тағы 32 ұқсас қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
Қазіргі уақытта екеуі де қамауға алынды. Алаяқтық фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.