KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

Ардагерлерге дабыл түймесі бар телефондар табысталды

22.02.2015, 18:00 204



Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлерге қажетті қолдау көрсету акциясы Шығыс Қазақстан облысында ресми түрде бастау алды. Акцияның ресми ашылуына ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, жиынға қатысқан ардагерлерге дабыл түймесі бар арнайы телефондар табыстады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аталмыш акция бүкіл еліміз бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Самұрық-Қазына» АҚ мен республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Василий Ахаев бүгінде облыс бойынша Ұлы Отан соғысының 615 ардагері қалғанын, олардың 71-і нәзік жандар екенін атай келе, бұл акцияның жемісті жүзеге асуына жауапты «Өмір жолы» қоғамдық ұйымы мен «Еуразия Медиа Форум» халықаралық қорының өкілдеріне сөз берді.

Халықаралық қордың кеңесшісі Ольга Савельева ардагерлерге табысталатын телефонның барынша қарапайым етіп жабдықталғанын, десе де оларды пайдалану жолдарын үйретуге еріктілер тартылатынын жеткізді. Ал «Өмір жолы» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Ернар Нұрбеков бұл телефон жай ғана байланыс құралы емес, жедел электронды көмек көрсету жүйесінің тетігі екенін атады.

- Бұл телефондардағы терілетін сандар көзге көрнекі болу үшін ұлғайтылды. Қолмен басқару мүмкін болмаған жағдайда дауыспен пәрмен беруге де болады. Мұнда сондай-ақ SOS дабыл түймесі, FM-радио, қолшам орнатылған. Ардагер қандай да бір қиындыққа душар болса, дабыл түймесін басса жеткілікті. Ол дабыл жедел көмек көрсету орталығына сол сәтте-ақ жетеді. Жедел көмек көрсету орталығында өңірдегі барлық ардагерлердің абоненттік картасы сақталған. Ол картада арадагердің денсаулығы мен мекенжайы, туған-туысқандары жайында толық ақпарат түзілген. Орталықтағы оператор сол картаға қарап, дабыл түскен аумаққа жедел жәрдем жасағын жөнелтіп отырады. Дабыл берілген уақыттан жарты сағат өткенде, оператор ардагерге қайтара қоңырау шалып жағдайын сұрайды. Бұл телефондар облыс аумағында бүгіннен бастап іске қосылды, - деді Ернар Нұрбеков.

Көмек көрсету орталығы еліміз бойынша күніне 150 мың қоңырауға әрекет етуге қауқарлы. Орталықтың өңірдегі бөлімшесі «Қазақтелеком» АҚ базасында жасақталыпты.

Аталған акцияға «Билайн» байланыс операторы да өз үлесін қосуда. Компания өкілі Алексей Козлов ардагерлерге арналған «Майдандасыңа қоңырау шал» атты тариф іске қосылғанын, дабыл түймелі телефонға қажет сим-картаны «Билайн» байланыс операторы тегін ұсынып отырғанын мәлім етті. Ең маңыздысы, бұл телефондардан дабыл тарату үшін теңгерімде қанша бірлік қалғаны маңызды емес.

Жиын соңында ардагерлерге дабыл телефондары табысталды.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив