KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Жастар сыбайлас жемқорлықпен жұмыла күреседі

10.12.2014, 18:00 202



Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Өскемен қаласы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде жастар форумы өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы Ғалымбек Досанов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, сонымен бірге, бірқатар ведомстволардың өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылар мен студенттер қатысты. Аталған форумды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Шараның мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, жастар арасында құқықтық білім мен мәдениетті көтеру.

Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні БҰҰ шешімімен 2003 жылдың 9-желтоқсанында белгіленген болатын. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң елімізде алғаш рет 1998 жылы қабылданса, 2008 жылы БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы Конвенциясын ратификациялады.

Жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалымбек Досанов баяндама жасады. Сонымен бірге, «Нұр Отан» партиясының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастар сөз сөйледі.

Департамент басшысының орынбасары Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, бүгінде халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

- Жастар қауымы сыбайлас жемқорлықтың қоғам үшін үлкен зиян екендігін білуі қажет. Ертеңгі болашағы нұрлы Қазақстанды құрғысы келетін жастар ең алдымен қоғамдағы жемқорлық дертін түбегейлі жоюы керек, - деді Тоқтамыс Жұмағұлов.

Шығыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев, «ШҚ жастар ақпараттық сараптамалық агенттігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ольга Негачева, ШҚМТУ доценті Элеонора Столярова сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.

«Нұр Отан» партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбековтің айтуынша, бүгінде еліміздегі жемқорлық фактілері едәуір азайған.

Форумда Шығыс Қазақстан жастарына арналған үндеу қабылданды. Үндеуде сыбайлас жемқорлықтың қоғамды артқа сүйрейтін әлеуметтік дерт екендігі, жастардың жемқорлықпен жаппай күресетіндері туралы айтылған.

Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив