KZ
Өскемен
-8°
ясно Штиль
479.23 534.96 5.16

Дәнді дақылдардың егістік аумағы 51,7 мың гектарға артты Шығыс Қазақстанда

13.05.2014, 18:00 237



Биыл Шығыс Қазақстанда дәнді дақылдардың егістік аумағы өткен жылмен салыстырғанда 51,7 мың гектарға кеңейді. Яғни, облысымыздың егістік алқабы 1 млн. 346 мың гектарды құрайды. Жалпы, 205 мың гектар суармалы алқаптың 85 мың гектары игерілді. Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов облыстық ақпараттық орталықта өткен брифингте баяндады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

- Қазір егіс науқанына әзірлікті емес, жүріп жатқан жұмыстар жөнінде айтуымызға әбден болады. Егін егуге ауа райы қолайлы. Бұрындары 60 пайыздай 1-2 сұрыпты тұқым себетінбіз. Кейіннен 3-сұрыпқа көштік. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша үшінші сұрыпты тұқымды да жақсартуды қолға алдық. Шаруалар элиталы тұқым егуде ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен, жеке кәсіпкер Фарид Әбітаев биыл тұқымды електен өткізіп, кесегін алуды жолға қойып отыр, - дейді Дүйсембай Селиханов.

Облыста биыл 1 және 2-сұрыпты тұқым 82 пайызды құраса, былтыр 81 пайызды құраған болатын. Шаруалар егістік үшін 11,9 мың тонна субсидияланатын минералды тыңайтқышқа өтініш жолдады. Бұл жөнінде айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығы саласын қолдау үшін облысқа 4,8 млрд. теңге бөлінді. Атап айтсақ, тұқым шаруашылығын қолдауға – 443,8 млн теңге, тұқымдық материалдың сұрыптық және шығымдылық сапасын айқындауға – 19,1 млн. теңге, жанар-жағармай және материалдық тауар құнын арзандатуға – 2984,2 млн. теңге, минералды тыңайтқыштардың бағасын арзандату үшін – 550 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, гербицидтердің құнын арзандатуға – 400 млн. теңге, зиянды жәндіктермен күресу шараларына – 51,4 млн. теңге бөлініп отыр.

- Ауылшаруашылық егістіктерін әртараптандыру мақсатында дәнді дақылдар алқабы былтырға қарағанда 31,8 мың гектарға артпақ. Ал күнбағыс 14,3 мың гектарға кемиді. Есесіне, мал азығы дақылдары 32,5 мың гектарға кеңейеді. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарының аумағы өткен жылғымен бірдей болады, - деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Облыс бойынша егістік науқанына қажетті ауылшаруашылық техникалар саны жеткілікті. 2013 жылы 5,6 млрд. теңге жұмсалып, ауылшаруашылық техникалары жаңартылған. Бұл бағыт бойынша ауылшаруашылық басқармасының басшылығы техникаларды жаңартудың 2014-2017 жылдарға арналған жоспарларын әзірлеп қойды. Жоспарда жыл сайын 6,5-7,5 млрд. техниканы жаңарту көзделген. Айта кетерлігі, Шығыс Қазақстанға Мұнай және газ министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі 25 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөліп отыр. Нақтырақ айтсақ, дизель отыны шаруалар үшін литрі 95 теңгеден сатылатын болады. Бұл – шаруа қожалықтары үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмек. Шаруалар ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, егу жұмыстарын мамырдың 25-не дейін аяқтауды межелеп отыр.

Мал шаруашылығына келер болсақ, шошқа өсіру кенжелеп келе жатқан көрінеді. Дүйсенғазы Селихановтың айтуынша, 3 мың бастан аса шошқасы бар шаруашылыққа ғана субсидия бөлінеді. Шошқа өсіріп отырған мұндай ірі шаруашылық облысымызда екеу ғана екен.
- Өңірімізге субсидияланатын шошқа фермалары қажет. Менің ойымша, 500 бас шошқаға субсидия бөлінетін болса, Ресейден торайлар әкелуді жолға қоя аламыз, - деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. - Құс өсіру шаруашылығын дамыту үшін де жұмыстар қолға алынды.

Ал «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша былтыр 10,6 млрд. теңге қаражат бөлініп, толығымен игеріліпті.
Мерей Қайнарұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив