KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Артемьев кенішілерінің проблемасын арнайы жұмыс тобы тексереді

30.01.2014, 18:00 132



Шемонайха ауданындағы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің Артемьев кенішінде түнгі ауысымның жүзге тарта жұмысшысы жоғарыға көтерілуден бас тартқан болатын кеше. Осы оқиғаға байланысты кеше Өскеменнен арнайы келген ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев кенішке түсіп, кеншілермен жүзбе-жүз сөйлесті. Наразы топ қойып отырған талаптар орындалатынына сөз беріп, оларды жоғарыға алып шықты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аймақ басшысымен бірге кеншілермен кездесуге «Қазақмыс» компаниясының басқарма төрағасы Эдуард Огай, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, облыстық мәслихаттың хатшысы Григорий Пинчук және басқа бірқатар жауапты тұлғалар болды. Олар арнайы киімдерді киіп, «Уазик» мәшинесімен бір шақырымнан астам тереңдікке түсті. Сол жерде еңбек дауын көтерген жұмысшылармен қордаланған мәселелер бойынша ашық сөйлесті. Кеншілер корпорация басшылығына негізгі үш талап қойды. Олар: мардымсыз жалақыларын көтеру және тиесілі сыйақыларын төлеу, кеніште оқыс оқиғалар болған жағдайда оған кінәлі адамдардың ақшасын қиған кезде еңбек шарттары шеңберінен аспау және басқа өңірден, яғни, Жезқазғаннан келіп вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің жол шығынын өтеу.

Сыйақыға қатысты проблеманы корпорация басшысы Эдуард Огай дереу шешіп беретініне сендірді. Ал қалған мәселелерді жоғарыға көтеріліп, бүкіл еңбек ұжымының талқысына сала отырып қарастыру ұсынылды. Облыс Әкімінің бұл ұсынысымен кеншілер бірауыздан келісті. Ары қарай жиын Артемьев кенішінің ғимаратында жалғасты.

– Сіздер қойып отырған мәселелерді шешу үшін екі жұмыс тобын құрамыз. Менің бірінші орынбасарым Ермек Көшербаев басқаратын бірінші жұмыс тобы еңбекақы, вахталық жұмыстың шығындары, сыйақы және басқа да әлеуметтік мәселелерді тексереді. Алғашқы топтың құрамында облыстық ТЖД-нің басшысы Р.Нұрбатшанов, еңбек инспекциясының өкілі, жергілікті депутат, екі БАҚ қызметкері, кәсіподақ мүшесі, «Қазақмыс» ЖШС-нің басшылығы және кеншілердің ішінен бірнеше адам қатысады. Ал облыс прокурорының орынбасары Н.Бижанов басқаратын екінші топта барлық уәкілетті органдардың өкілдері мен кеншілер болады. Бұл жұмыс тобы еңбекті қорғау, еңбек шарттарының орындалуы, қауіпсіздік шараларымен айналысады. Жұмыс топтары аталған проблемаларды егжей-тегжейлі тексеріп, бізге мәлімдейді. Тексеру амалдарына ақпанның 15-іне дейін уақыт беріледі. Комиссияның қорытындысы шыққанда бәріміз осында жиналып, нақты шешімді айтамыз, - деп түсіндірген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзге ұсақ-түйек тұрмыстық мәселелер де назардан тыс қалмайтынын, тез арада шешілетінін айтты.

Артемьев кенішілерінің проблемасын арнайы жұмыс тобы тексереді

Кездесу барасында кеншілер біраздан бері қордаланып келген түйткілдерді алға тартты. Атап айтқанда, техникалық қауіпсіздікті сақтаудағы ұжымдық жауапкершілік туралы ішкі нормаларды қайта қарастыру, медициналық жедел жәрдем қызметін жақсарту, кеніштегі тозығы жеткен техникаларды жаңарту, өндірілетін кенді өлшейтін электронды таразы орнату, жуынатын, киінетін бөлмелерді ретке келтіру және тағы да басқалар.

– Желтоқсан және қаңтар айларының жалақылары, сондай-ақ, сыйақылар толық көлемде төленеді. Ал ақпаннан бастап тиісті төлемдер сіздер мен біздер өзара келісіп шешетін тарифтік мөлшерлеме бойынша, басқа да шарттар негізінде берілетін болады, - деді «Қазақмыс» ЖШС-нің басқарма төрағасы Эдуард Огай.

Кеншілердің арасында Артемьев кенішіндегі бос жұмыс орындарына сонау Жезқазған өңірінен келіп еңбек етіп жүрген азаматтар бар екен. Вахталық еңбек тәсіліне қатысты сұрақты көлденең тартқан олар тапқан табысының 20 мың теңгесі ары-бері жүрген жолдарына кететінін айтып қынжылды.

– Қазір бәрі қымбат. Біздің тапқан 60-70 мың теңге ақшамыз түкке жетпейді. Көбіміздің банктен алған несиеміз бар, асырап отырған бала-шағамыз бар. Оның үстіне басқа өңірден келетіндердің жол шығыны және бар. Сол себепті басшылық біздің жағдайымызды ойлап, еңбек ақымызды көтеріп, сыйақы төлеудің шарттарын қайта қарастырса деген талап қойдық. Наразылық білдірудегі мақсатымыз - осы. Біздің үнімізге құлақ асып, жедел жеткен облыс басшысына рахмет. Жұмыс тобы құрылып, бәрін тексереді деп сөз. Біздің ендігі үмітіміз осы жұмыс тобында, қарапайым жұмыскерлердің мүддесін ескерусіз қалдырмас деген ойдамыз, - дейді осы салада он жылдан бері тер төгіп келе жатқан үңгуші Сейітбаттал Дәлелханұлы.

Артемьев кенішілерінің проблемасын арнайы жұмыс тобы тексереді

Айта кетейік, осының алдында ғана аталмыш кеніште екі рет апаттық оқиға болған. Бірінші жағдайда опырылып түскен қалың тау жынысы екі адамды жарақаттап кетсе, екіншісінде теміржол мен кен тасығыш табанының үйкелісінен ұшқын туындап, өрт шыққан. Абырой болғанда екі төтенше жағдайда да адам шығыны жоқ. Бірақ апатқа байланысты кеншілердің сыйақылары кесіліп қалыпты. Наразылық тудырған тағы бір себеп осы болған. Жиында компания басшылығы бұл мәселені де әділетті жолмен шешетінін ескертті.

Артемьев кеніші Шемонайха ауданы, Усть-Таловка ауылына жақын маңда 2005 жылы ашылған-ды. Бүгінгі күні ол жерде 1100 адам еңбек етуде. Жылына онда 1,5 млн. тонна түсті металл, яғни, мыс, мырыш және қорғасын кені өндіріледі.

Тағы да қайталап айтамыз, екі жұмыс тобы да бүгіннен бастап тексеру шараларына кірісті. Он бес күннің ішінде наразы топтың қойған талаптары түгел қаралып, тиісті қорытынды шығарылған соң, ақпан айының соңына қарай аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жұмысшылармен қайта кездесу өткізеді. Проблеманың соңғы нүктесі сонда қойылмақ.

Серік Әбілхан
Сурет: ШҚО ақпараттық орталығы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив