Келесі жылдан бастап Зырян ауданында алтын мен түсті металл кен қорын іздеу амалдары жүргізіледі. Геологиялық барлау жұмыстары бойынша жобалық құжаттамаларды жасауға мемлекеттен 181 млн. теңге қаржы қарастырылған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, қазба байлықтарын іздестіру Ермиловск-Петровореченск, Игнашихинск және Мамонтовск-Шебнюшинск учаскелерінде жүзеге асырылады. Биыл мамандар жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп бітті, келер жылдан іздеу қолға алынады. Әзірге, бұл жұмыстарға қанша қаржы бөлінетіні нақтыланбаған.
Бұған қоса «Қазцинк» ЖШС тарапынан Малеев кенішінің қапталында геологиялық барлау шаралары атқарылмақ. Қазіргі уақытта қажетті жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу әлі аяқталған жоқ. Аталмыш компания 2012-2015 жылдар аралығында геологиялық іздеу жұмыстарына 300 млн. теңге салуды жоспарлап қойды.