KZ
Өскемен
+8°
переменная облачность Штиль
478.93 534.96 5.16

Келісім құжаттары - келелі істердің бастауы

27.10.2013, 18:00 141


Алтай өлкесінің Шығыс Қазақстандағы күндері аясындағы ең маңызды шара Өскемендегі «Алтай» технопаркінде өтті , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин бастаған екі өңірдің кәсіпкерлері мен атқарушы билік өкілдері дөңгелек үстел басында отырып ынтымақтастық мәселелерін қозғады, бұған дейін бірлесіп атқарған іс-шараларды саралап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады. Ынтымақтастық байланысты одан ары нығайта түсетін келісім құжаттарға қол қойды.

Келісім құжаттары -  келелі істердің бастауыАймақ басшысы Бердібек Сапарбаев атап өткендей, кейінгі он жылда көршілес жатқан екі өңірдің арасында әртүрлі салаларда 29 келісім жасалып, бүгінгі күні олар өзінің жемісін беруде. Әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық салаларында бірлесіп атқарған шаруалар көп. Бірлескен кәсіпорындардың жұмысы да жаман емес. Ағымдағы жеті айда біздің облыстың Ресей Федерациясымен сауда айналымы көлемі шамамен 1 млрд долларға жетті. Бұл қос елдің экономикасы үшін үлкен қолдау.

Бүгінгі келісім құжат осыдан үш жыл бұрын қол қойылған құжаттың жалғасы және оларды іске асырудың инструменті болып табылады. Бірлескен жобалардан мысал келтірсек, күрделі жөндеуден өткізіліп, Алтай өлкесінің Шығыстағы күндері аясында кеше ғана ашыл-ған автокөлік жолының құрылысын айтқан орынды. Одан басқа жасалған келісімдердің арқасында біздің өңірден отыз дәрігер Алтай өлкесіне барып, біліктілікті арттыру курсында оқып келсе, бірнеше адам ем-дом қабылдау үшін көршілеріміздің көмегіне жүгінген.

– Алтай өлкесі биыл Ресейдің инновациялық өңірлері қауымдастығына кіріп отыр. Бұған біз өлкемізде жаңа технологияларды өндіріске көптеп енгізудің арқасында қол жеткіздік. Осы жетістіктерді сіздермен бөлісуге әрқашан дайынбыз. Айта кету керек, көршілес аймақтар арасында жасалған бұл құжаттар тек тарих үшін немесе мұрағатта сақталатын қағаздар емес, бүгінгі таңда нақты іске асырылып жатқан бірлескен жұмыстардың жемісі, – деген Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин шекаралық аймақтардың ынтымақтастығы екі елдің экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосатынын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, аталмыш жиында біздің облыстан «Шығысагрохолдинг» ЖШС-нің директоры Ержан Нұрбаев пен қонақтар жағынан Алтай сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Борис Чесноков сөз сөйледі.

– Кедендік одақ біз сияқты кәсіпкерлерге өз өнімдерін одаққа мүше мемлекеттердің нарығына емін-еркін шығаруға мүмкіндік туғызды. Мәселен, біз Ресейдің Алтай өлкесінен жұмыртқа тасымалдасақ, ол жаққа көкөністер мен ұн жеткіземіз. Бұл экономикалық, сауда-саттық байланыстар осындай дөңгелек үстел басында ұйымдастырылған отырыстар мен қол қойылған келісім құжаттардың арқасында іске асырылады, – дейді серіктестік басшысы Ержан Нұрбаев.

Сонымен қатар, отырыс барысында Курчатовта Бийск қаласындағы сияқты ғылыми қалашық құру, туризм саласында бірлескен жобалар жасау, жастар ұйымдарының тәжі-рибе алмасуы секілді мәселелер әңгіме арқауына айналды.
Жиын соңында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Алтай өлкесінің әкімшілігі арасында ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру бойынша аталған екі өңірдің басшылары 2014-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды. Сонымен қатар, біздің облыстың экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы мен Алтай өлкесінің экономика және инвестиция бас басқармасы арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар қойы қоралас, ауылы аралас жатқан көрші өңірлердің бұрыннан келе жатқан ынтымақтастығын одан ары бекіте түсіп, алдағы уақытта бірлескен үлкен істерді қолға алуға негіз болмақ.

Серік Әбілхан

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив