KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, С
443.35 475.54 4.82

Терможаңғыртуға тереңірек мән берген дұрыс

19.02.2012, 18:00 251


Аймақ басшысы Семейге іссапары кезінде соңғы күндері республикалық баспасөз беттерінде жылуға байланысты арыз-шағымдарын білдірген бірқатар көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті. Қалыптасқан жағдайды өз көзімен көріп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, аймақ басшысы Семей қаласы әкімінің жұртшылық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты.

Облыс Әкімі алдымен қаладағы Тарбағатай көшесі, 61 мекенжайында орналасқан көпқабатты жатақхананың тұрғындарымен кездесті. Бұл үйге өткен жылдың тамыз-қазан айлары аралығында терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жүргізілген. «GRAND Жақсылық» мердігер компанияның директоры Қазыбек Байсариновтың мәлімдеуінше, жобалық-сметалық құны 31 миллион теңгеге бағаланған жөндеуге шатырын, терезелерін, коммуникация жүйесін толықтай жаңалау, жертөлесін ағартып, тазалау, дәліздер мен жуынатын және әжетхана бөліктеріне жөндеу жүргізу кірген. Жөнделген үйге кірерде қуаныштары қойнына сыймай, қала әкіміне алғыс хат жолдаған тұрғындардың, енді, міне, қыстың ортасында құрылыстың сапасына шағым айтып шулап жатқан жайы бар. Алайда олардың арасынан құрылысқа мін тақпай, басшылыққа алғысын жаудырғандар да табылды.
– Сіздер, жуынатын жерді, әжетхананы, еденге төселген линолеумдерді қараңыздар. Бәрі құлап, жыртылып жатыр. Жаңадан орнатылған пластикалық терезеден суық аңырап тұр. Жұмыстың сапасына көңіл толмайды. Сондықтан жеті жыл бойы айына 2700 теңгеден төлеп тұруға келіспейміз, – дейді осы үй тұрғыны Сандуғаш Тұрдина.
(Соңы. Басы 1-бетте)
Ал Қазыбек Қалиұлы болса, бұл жатаққа әу бастан ағымдағы емес, күрделі жөндеу жасау керек болатын.
Құбырларынан су атқылап, шатыры шіріп, шөгіп кеткенін, жертөлесіне кіру мүмкін болмағанын алға тартады. Қазір жертөле басқа баспаналардікімен салыстырғанда үлгі етіп көрсететін жағдайда дейді. Егер жөндеу болмағанда осындағы 160-тай тұрғын биыл мұнда қыстамас та еді деген ол, құрылыстың сапасына бір жыл кепілдеме бергендіктен, кеткен кемшіліктерді қайтадан түзетіп беруге ниетті екендігін де жасырмады.
Жатақхананың жертөлесінен бастап, тұрғындардың бөлмелеріне дейін кіріп, аралап, жағдайға қаныққан аймақ басшысы қала әкімі Айбек Кәрімовке дәл осы жатақхананың мәселесі бойынша тәуелсіз тараптардан арнайы комиссия құрып, он күннің ішінде барлық құжаттарға және құрылыстың сапасына тексеру жүргізуді тапсырды. Нақты шешім комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес қабылданатын болады.

Алдағы міндеттер де ауқымды

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтың шаһар-
дың сол жағалау бөлігі тұрғындарының ал-
дындағы есеп беру жиынына қатысты. Қала-
лық, облыстық мәслихаттардың депутаттары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар, аза-
маттардың бастамашыл топ өкілдері қатыс-қан жиында есеп берген қала әкімі А.Кә-
рімов былтырғы атқарылған шаруалардың барлығы Президенттің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауынан туындаған міндеттердің аясында жүзеге асырылғандығын атады. Оның айтуынша, экономиканың алға басуы – қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік бермек. Өндірістің басым бағыттарының дамуына, жылумен, қуат көзімен, сумен тұрақты қамтамасыз етуге, ішкі базарлардағы отандық азық-түліктің үлесін арттыруға, жоғары технологиялар, шикізаттық емес өндіріске инвестициялар тартуға қолайлы жағдай туғызуға баса мән берілген.
2011 жылы қаладағы кәсіп-орындар өндірген тауарлы өнім кө-лемі өткен жылғыдан 115,9 пайызға артық. Бәсекелестікті арттыру мақ-сатында бірқатар кәсіпорындарда өндірісті жаңғырту мен өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру жүзеге асқан. Индустрияландыру картасы шеңберінде Семейдің тері-былғары комбинатына жөндеу жүргізіліп, терінің жартылай фабрикатының алғашқы тәжірибелік партиялары шығарылған. «Семей инжиниринг» АҚ машина жасау кластерін құру бағытында брондалған танкі техникаларын күрделі жөндеу және жаңғырту бойынша ірі жобаны іске асыруды бастаған. Тартылған инвестицияның мөлшері – 16,4 млрд. теңге.
Шағын бизнесті дамытуда да үлкен мүмкіндіктер бар. Былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында 5,8 млрд. теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылған. Ағымдағы жылы жиыны 5,4 млрд. теңгенің тағы 12 жобасын іске асыру көзделуде. Ауылшаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 2011 жылы 16,2 млрд теңгені құрап, өткен жылғыдан жоғары болған. Дегенмен, шешілмеген проблемалар да кездесуде.
– Өңірдің Семей аймағы өңделген ет және сүт өнімдерін өндірудегі алдыңғы қатардағы орнынан айырылып қалды, – деді қала әкімі сөзінде. – Өңір тұрғындардың етке деген сұранысының 60 пайызын жаба алмай отыр. Дәл осындай жағдай тағы бірқатар салаларда кездеседі. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге өндірісті ұлғайту бағытында қолға алатын шаруалар жетерлік.
Қаржылық қамтамасыз етуге келер болсақ, қала әкімінің айтуынша, Семейдің бюджеті өзіндік кірістерімен 2012 жылдың 1-қаңтарына 101,4 пайызға орындалған. Жоғарыдағы бюджеттерден 13 832,5 млн. теңге көлемінде транферттер мен субвенциялар бөлінген. 2011 жылы жалпы алғанда қала бюджеті 23 миллиард теңгеден астам қаржыны құраған.
Қала басшылығы инфляцияны ауыздықтауға қатысты бірқатар жұмыстар жүргізген. Азық-түлік тауарларына қосылатын үстеме ақыны 10 пайыздан жоғарылатпау жөніндегі меморандумдардың орындалуына бақылау жасалуда. Азық-түліктің бағасын қымбаттатпауда шаруа қожалықтарының жетекшілерінен арнайы сауда үйлерін тұрғызу жөнінде ұсыныстар болған. Билік те аталған ұсынысқа қарсы емес, бұл сауда үйлерінде бағаның халыққа қолжетімді болуы тиіс. Сонда алыпсатарлардың жолы кесіліп, баға бәсеңдемек.
Қаланың 38 көшесіне жөндеу жүргізіліп, көгалдандырылып, гүлзарлар ашылған. Қалада жуық арада шешімін күткен бір-қатар проблемалар бар. Солардың бірі – мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету. Семейде 18 балабақша, 56 шағын орталық жұмыс істеп тұр. «Балапан» бағдарламасымен жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге мемлекеттік тапсырыс-пен 610 орын орналастырылған. Алайда балабақша кезегін 8046 бала тосуда. Осыған орай, қаланы дамыту бағдарламасының аясында 1430 орындық алты балабақшаның құрылысы қарастырылған.
Тұрғын үй құрылысына келер болсақ,
2011 жылы жекеменшік баспана салушы-лардың есебінен салынған жаңа тұрғын үйлердің көлемі екі есеге көбейген. Бірақ тұрғын үй бағдарламасының аясындағы құрылыстың қарқыны баяулап қалған.
Қаланың сумен қамту жүйесін дамыту да назарда тұрған мәселенің бірі. Үстіміздегі жылы Семейдің құрылыс бөлімі Контрольный кентінің су құбырлары желісінің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды жос-парлауда. Оған үш млн. теңге бөлінген. Сумен және жылумен қамту жүйесін жаңғыртуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қанатқақты жобаны іске асыру бойынша Еуропа даму банкімен келіссөздер жүргізілуде.
Айбек Кәрімов өзінің есепті баяндамасында ЖЭО-1-де былтырғы жылы орын алған апаттың себептеріне жекелей тоқталды. Жылыту кезеңіндегі апат кәсіпорын басшылығындағы құрылымдардың жоқтығынан, әкімшілік пен кәсіпорын басшылығы тарапынан тиісті бақылау жұмыстарының ақсауынан, өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі себебінен орын алған. Жылумен қамтамасыз етуде жыл көлемінде үздіксіз атқарылған жұмыстар оңды нәтижесін көрсетуде. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Қала әкімінің есепті баяндамасынан соң тұрғындар қала басшылығына өздерін толғандырған сауалдарын тікелей жолдап қалуға тырысты.
Семейліктерді қаланың алдағы уақытта абаттандырылуы алаңдататын көрінеді. Сол жағалаудағы Әуезов алаңын жөндеу, Юность кентін абаттандыру. Түйемойнақ аралын демалыс орнына айналдыру мәселесін Жұмагелді Тәшенқызы көтерді. Юность кентінің тұрғыны Р.Киселева қала басшылығынан ықшамауданға көңіл бөлу-ді сұрап, мұнда негізінен жас отбасылар тұратынын, емхана, балалар алаңқайы, қосымша мектептер қажеттігін айтады. Кенттегі №19 орта мектепте оқушы көп.
Степной кентінде де осындай жағдай. Жергілікті балалар бірнеше шақырым шалғайдағы Цементный кентінде орналасқан мектепке қатынайды. Ал бағыттық автобустардың басым дені қаланың шетіне барумен шектеледі. Қоғамдық көліктің қосымша бағыты 14-ықшамауданға қажет-ақ болып тұр. Холодный ключ кентінің тұрғындары көкейкесті мәселелерін тағы да көтерді. Онда он жылдан бері ауыз судан тарығуда халық. А.Кәрімовтың айтуынша, сумен қамту бойынша қанатқақты жобаның ауқымында жақын арада бұл мәселе шешілмек.
Мұнан басқа жас кәсіпкер А. Жайлау-байұлы несие алып, май сығатын зауыт ашу-ға көмектесіңіздер десе, тұрғын үй кезегін-де тұрған бірқатар тұрғындар баспанаға қатысты сауалдарын жолдады. Қырық жылдан аса мұғалімдік қызмет еткен Рузия Сағадиқызы үнемі елмен етене араласып, халықтың ортасынан табылатын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА, жыл көлемінде тыным таппаған қала әкіміне Семей халқының атынан үлкен ризашылығын білдірді. Алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Жиынды аймақ басшысы қорытын-дылады.
– Әкімдердің осындай жұртшылық алдындағы ашық есебі билік пен халық арасын жақындата түседі. Біз алдымен барлық мәселені шешу үшін әрқайсымыз
ыждаһатты жұмыс істеуіміз керек. Қала әкімі дұрыс айтады, бірінші кезекте экономиканы көтеру қажет. Кезінде жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, шағын кәсіпкерлік кең қанат жайған қалада неліктен түрлі себептермен құлдырау басталды. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін тері зауытына, «КазРуно» секілді кәсіпорындарға қолдау керек. «Шығыс сусындарының» да мәселесі шешіліп келеді. Кәсіпорын банкрот деп танылды. Қарызы айтарлықтай қысқарды. Енді кәсіпорынға ақшасын құятын инвесторлар тартқан жөн. Кондитер фабрикасы да алдағы уақытта іске қосылғаны дұрыс, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Өңір басшысы семейліктерді кәсіпкерлікпен кеңінен айналысуға, іскер бастамаларды дамытуға шақырды. Қазірде жеңілдетілген жағдайлармен несие беретін институттар жетерлік. Мәселен, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы. Сол арқылы 2012 жылы облыста төрт миллиард теңгеден астам қаражат болады. Облыс Әкімі ауылшаруашылығын дамытып, азық-түлікпен қамтамасыз етуге жеке тоқталды.
– Ауыл адамдары ауылда тұрып мал ұстамайды, ет пен сүтті сатып алады деген не сұмдық! Жақында Шемонайха, Глубокое аудандарында өткен есептік кездесулерге қатыстым. Ондағы халық дайын азық-түлікті дүкеннен сатып алады, ауласына екпейді. Бұл – дұрыс емес. Семейге кезінде 14 ауылдық округті бекерден-бекер қоспаған. Олар қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек болған. Әзірге бұл мәселенің басы ашық тұр. Егіс алқаптарын, мал басын көбейтуге нақты қадам жасау керек, – деді облыс Әкімі.
Жылумен қамту жүйелерін жөндеу бағдарламасын іске асыру жалғасын табады. 2013 жылы Семейдің сол жағалау бөлігін жылумен қамтамасыз етудегі мәселелер толықтай күн тәртібінен алынбақ. Ал оған дейін жылуды қабылдайтын барлық тұрғын үйлер дайын болуға тиіс. Облыс басшысы қала әкіміне проблемасы қордаланған үйлердің тізімін анықтап, оларға күн сайын мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды. Тұрғын үйлердің мәселесін шешуде халықты өзін-өзі басқаруға жұмылдыра білу қажет. Ол үшін жергілікті БАҚ-та кең көлемді түсінік беру науқанын ұйымдастырған абзал.
Семей қаласы әкімінің жұмысын оң бағалаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қарқынды бәсеңдетпей, 2012 жылы алға қойылған міндеттерді іске асыруды жүктеді.

Проблеманы өздері тудырып отыр

Есепті жиыннан соң облыс басшысы Семейдің ең проблемалы деген тұрғын үйлерін аралады. Цементный кентіндегі Физкультурная көшесіндегі бес қабатты үйдің жертөлесіндегі жылу құбырларынан аққан су бірінші қабатқа таяп келеді. 2008 жылдан бері пәтер иелері кооперативінің басшылығынсыз қалған үйді көршілес кооперативтер қосып алуға құлықсыз. Себебі түсінікті. Үнемі болатын ылғалдан қараусыз қалған үйдің ішкі қабырғалары бұзыла бастаған. Баспананың мұндай күйге жетуіне тұрғындардың да кінәсі бар. Сонша жылдан бері бастары бірікпеген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөл-імінің мамандары бірнеше мәрте жиналыс құрса да нәтиже болмаған. ПИК құрылмаған, жылыту маусымына үй дайындықсыз кеткен. Бұл арада терможаңғырту туралы айтудың өзі артық. Бұл үйдегі тұрғындар, әсіресе, балалар жиі ауырады. Жылу батареясы ыстық болғанымен, бөлме температурасы 18 градустан аспайды.
– Қандай наразылықтарыңыз бар? – деген облыс Әкімінің сауалына тұрғындар: «Ел қатарлы жақсы үйде тұрғымыз келеді. Шатыр жөнделсе, жертөле құрғатылса, үйдің ішіне жөндеу болса. Мемлекет соған көмектессе», – дейді.
– Жоқ, – деді облыс Әкімі. – мемлекет көмектесе алмайды. Бұл сіздердің меншіктеріңіз. Оны жөндеп ұстау да сіздердің тікелей міндеттеріңізге кіреді. ПИК құрыңыздар, көршілеріңізді терможаңғырту бағдарламасына кіруге көндіріңіздер. Олай еткілеріңіз келмесе, демеушілер іздеңіздер. Бұдан басқа жол көріп тұрғам жоқ. Сіздердің мәселелеріңіз сонда ғана шешіледі.
Тұрғындардың басы бірікпей, баспананың көркі кірмейтіні айдан анық. Облыс басшысы бас сұққан тағы бір үй қаладағы Достоевский көшесі, 186 мекенжайында орналасқан. Он қабатты тұрғын үйдің тұрғындары пәтерлердегі ауа температурасы 14-18-ден аспайтынын айтып шағымданады. Жылудың аздығы жылу пунктінің дұрыс жұмыс істемеуінен екен. Қазандықтан берілетін жылудың температурасы 80 градус болса, жылу пунктінен кейін 58-60-қа түсіп қалады. Оған үйге тартылған жылу құбыры диаметрінің тарлығы себеп. Оны алмастырмай жағдай оңалмайды. Ал бұл жұмыстар биылға жоспарланған. Оған дейін тұрғындар электр құралдарымен жылына тұрмақ. Өңір басшысы баспанасына кірген Раиса Залевская да сондай тұрғындардың қатарында. Әзірге жағдайды жақсарта тұру үшін осы үйге жылу берушілер жылу пунктіне қосымша насос орнатпақ.
– Бүгін жұмыс сапарымның аясында тұрғындар шағымы көп түскен Семейдегі үш проблемалы баспанамен танысып шықтым. Алайда көптеген сауалдарға облыс не қала басшысының дәл қазір жауап беруі қиынырақ. Себебі, мұндағы тұрғындар өздеріне не керектігін білмейді. Олар жылдар бойы коммуналдық қызметке берешек. ПИК құруға құлықсыз. Подъездер лас, шашылған қоқыс. Оларды енді немқұрайлылығы үшін жауапкершілікке тарту керек шығар. Бұл арада тұрғындар терможаңғыртудың өздерінің жекеменшік үйлерін жөндеп алуға мемлекет тарапынан пайызсыз беріліп отырған көмек екенін түсінулері қажет. Төбесі мен жертөлесінен су ағып тұрған үйді жылумен қалай қамтамасыз етесің. Ал өз жұмыстарына жауапсыз қараған бағдарламаны іске асырушы мердігерлер тұрғындармен жасалған келісім негізінде толық жауапкершілікті мойнына алады. Мысалы, Тарбағатай, 61 үйдің мердігері жіберген кемшіліктерін түзеуге міндеттеніп отыр. Ал тұрғындардың өздерінің қандай да бір ұстанымдарына байланысты ортақ несиені төлеуден бас тартуы, бағдарламаға қарсы шығуы жөн емес. Бұл жерде жеке бастың қандай да бір мүддесі бар екені белгілі. Сондықтан келесі аптаның басында жұмысты бастайтын комиссия жағдайдың ақ-қарасын толықтай анықтап, соңғы нүктесін қоятын болады, – деді облыс Әкімі.

Іргедегі ауданды іргелі істер күтіп тұр

Осы күні аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінің Мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Серік Төленбергеновтің тұрғындармен есепті кездесуіне қатысты.
Ауданда бір жыл ішінде атқарылған шаруа аз емес. Ауылшаруашылығы, өндірісті дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары аясында атқарылған және атқарылмақ шаруа баршылық. Аудан әкімі Серік Төленбергенов есепті баяндамасында осының бәріне барынша тоқталды.
Аудан әкімінің есепті баяндамасы аяқталған соң, оған тұрғындар тарапынан қойылған сауал да көп болды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәшитбек Мұхамеджан жиналғандардың атынан облыс және аудан басшыларына былтыр ауданда қолға алынған шаруалар үшін алғысын білдірді. Аудан орталығында мешіт үйінің салынуы, елді мекендердің абаттандырылуы, Молодежный кентінің атауының ауыстырылуы, «Туған жерге – тағзым» акциясының аясында атқарылған түрлі шаруалар, мәдениет, спорт нысандарына жүргізілген жөндеулер ақсақалдың сөзіне арқау болды.
Аудан орталығының тұрғындары орталық жылумен қамту жүйесін ретке келтіру мен жалпы инфрақұрылымды жақсарту мәселесі жалғасын таба ма дейді. Жергілікті билік өкілдері жағдай үнемі бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ, шағын несие алудың жай-жапсарын білгісі келеді ауылдағы жұрт. Оған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бастығы Алғиза Ибраимова жауап берді. Ол үшін несие алушының кепілге қоятын бағаланған жылжымайтын мүлкі, сақтандырылған ірі қара малдары және қажетті құжаттары толық болуы керек. Мәселеге қатысты облыс басшысы өзінің пікірін білдірді.
– Жұртты несие алу барысында дұрыс ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Анау керек, мынау керек дей берсек, кім несие алады. Халық әлі шағын несиелердің тиімділігін түсіне алмай жатыр. Түсіндіру үшін ауылдарға жиі шығып, ауылдық округ әкімдерімен кездесу керек. Өз тірлігін дамыту үшін бір адамға бағдарлама бойынша бес жылға үш миллион теңге ыңғайлы несие жақсы мүмкіндік. Сондықтан насихат жұмысын жүргізу қажет. Мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлеваға да тапсырма бергенмін, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
«Аудан дүкендеріндегі бағалар
реттелсе, – дейді тұрғындар. Са-уалға аудан әкімінің орынбасары
С.Нұғыманов жауап берді. Оның айтуынша, арнайы құрылған топ ау-дандағы барлық дүкендерге сарап-
тама жасап отырады. Бағаны көтер-гендермен жеке жұмыс жүргізеді. Бағаны ырықтау мақсатында апта
сайын аудан орталығында округтер-дің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қазіргі кезде аудан дүкендеріндегі баға Өскемендегі «Дина» толайым базарының бағасымен деңгейлес.
Желдіөзек ауылынан келген Сағиза Бақтиярова баспанасының апатты жағдайда екенін, қолында І-топтағы мүгедек сіңлісі бар екенін айтып, көмек сұрады. Оның жағдайы қаралатын болды. Аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілсе деген өтініш түсті жұртшылықтан. Ұсыныс қабылданып, «Жол картасы» арқылы қаражат бөлінетін болды.
Келесі сауал жиында қатысып отырған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Масалимовтың атына жолданды. Аудандық медбірлестік директорының орынбасары Г.Лутфулина өз ұжымының атынан ауруханаға арналған ғимарат жөнделсе, Қ.Қайсенов кентінде емхана салынса, Герасимовка және Привольное ауылдарындағы отбасылық дәрігерлік амбулаторияларға жедел-жәрдем көлігі бөлінсе деген тілегін жеткізді. Ұсыныстар назарға алынып, облыс Әкімі ағымдағы жылы аталған мәселелерді мүмкіндігінше шешіп беруге тапсырма берілетіндігін жеткізді. Себебі, ауданда қосымша мектеп құрылысы да жүргізілуде. Оны аяқтау керек.
– 20 орындық аурухана құны 400 миллион теңге болуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ондай ғимараттар ары кетсе 70-80 миллион болуға тиіс. Қаржыландыруда қиындық болмайды. Бос тұрған ғимарат-тарды пайдаланған дұрыс. Алайда, жоба-лық-сметалық құжаттаманы мұқият тексер-іп, сараптама жасау керек, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
– Ұлан ауданы қашанда өңірдегі өндіріс әлеуеті зор, кәсіпкерлік кеңінен қанат жайған іргелі аудан. Бұрындары жабылып қалған нысандар жұмысын жалғастыратын болады. Бұл арада Огневканы атауға болады. Ақтау мен Асубұлаққа келер болсақ, даму институтымен бірге инфрақұрылымдарды құру, жұмыспен қамту бағдарламасы негізінде мамандарды оқыту жалғасады. Сондай-ақ, бұрыңғы аудан орталықтары Бозанбай мен Таврияға да көңіл бөлінеді, қолдау көрсетіледі. Аудан аумағында асыл тұқымды мал басын көбейтуге, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге тамаша мүмкіндіктер бар. Енді соны жүзеге асырар уақыт жетті. Аталған бағыттағы жобалар қолдауға ие болатын болады. Ет, сүт өнімдерін өңдеуде проблема мүлде болмау керек. Өнімді өткізуде кедергі көріп отырған жоқпын. Беларуссияда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Тамаша агроқалашықтары бар. Сіздер де осылай жасаңыздар. Тек ерінбеу керек. Жол бойында тұрған аудансыздар. Жолаушыларға қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды ашуға мүмкіндіктеріңіз бар. Соны неге істемейміз? Әкімшілік кедергілер неғұрлым азайған сайын, экономикаға септігін тигізетін жаңа нысандар көптеп ашылатын болады. Еңбек етуді елге келіп жатқан оралман ағайындардан үйрену керек. Мысалы, олар қолмен ұзындығы 6 шақырымнан асатын канал қазып, бақшаларын суарып отыр. Аудан облыстың іргесінде орналасқандықтан, Өскеменді тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етуді әрқашан ұмытпауы керек, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Жиынды түйіндеген облыс Әкімі қыстың аязды болуына орай, жердің тоңы екі метр-ге жеткенін, қардың еруіне байланысты осы бастан қам қылуды жергілікті басшылыққа, тұрғындарға нықтап тапсырды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив