ШҚ облысы диқандарының «былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда мол өнім аламыз-ау» деген үміттері ақталды. Енді сол мол өнімді шашау шығармай, қамбаға құюдың қамы алаңдатып отыр шаруаларды. Өйткені 1 млн. 293,7 мың гектар алқаптың астығын жауынға ұрындырмай, қыздырып алмай сақтау, күрең күзде орылатын дақылдарды қар астында қалдыр-май жинау оңай шаруа емес, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы мәліметіне жүгінсек, дәнді дақылдар егілген 559 мың гектардың 176,2 мыңы, яғни 31,5 пайызы астықтан тазартылған. Бүгінде астықтың облыс бойынша ортақ шығымдылығы гектарына 16,5 центнерден болады деген болжам бар. Бұл өткен жылдағыдан 6,5 центнерге артық деген сөз.
Заманауи техникалардың қажеттігі осындай қысылтаяң шақтарда анық байқалады. Олардың аймақ алқаптарында жыл санап көбеюінің арқасында еңбек өнімділігі артып, техника тапшылығы екінші кезектегі мәселеге айналды. Биылғы жиын-терінге астық комбайндары – 100 пайыз, жүк көліктері – 96 пайыз, тракторлар – 95 пайыз, олардың тір-кемелері – 98 пайыз дайын.
Облыс бойынша бір комбайнға орта есеппен 316 гектар алқаптан келетінін ескерсек, астық жинау науқанын белгіленген мерзімде аяқтауға толық мүмкіндік бар. Астық кептіргіш қоймалар мен қамбалар да еселі еңбекпен келген өнімді облыстың жыл бойы тұтынуына қажетті мөлшерде қабылдауға сақадай сай. 250 қой-ма, 87 астық кептіру құрылғысы, 13 лицензиялы элеватор, 624 қамба, 261,6 шаршы метр асфальтты алаң бірігіп, 1 млн. 440 мың тонна астық сақтауға қабілетті. Аймақтағы барлық құрылғылар іске қосылған сәтте тәулігіне 33,7 мың тонна өнімді кептіруге қауқарлы. Ал элеваторлардағы кептіру агрегаттарының үздіксіз жұмыс істеуі үшін 1470 тонна жанар-май бөлінген.
Күзгі егіс жұмыстарына қажет 27 мың тонна дизельді отынның 70,1 пайызы, 6700 тонна бензиннің 75 пайызы, дизельді майдың 80 пайызы қолда тұр. Мұнай және газ министрлі-гінен бөлінген дизельді отынның тоннасы
93975 теңгемен таратылды.
Қыстың қамын ойлаған ауыл халқы үшін қыркүйектің алғашқы күндері жайлы басталды. Шөпке шалғы кеш тисе де, қажетті жемшөпті қиналмай алуға мүмкіндік бар. Тіпті, жекелеген жемшөп түрлері күткен мөлшерден артық дайындалған. Мәселен, пішендеме дайындау міндеті 106 пайызға артық орындалған. Өңір бойынша 1млн. 977 мың тонна шөп алу жоспарланса, соның 97 пайызы үюлі. Ал қысқа қажет 200 мың тонна сүрлемнің әзірге жартысынан астамы дайын. Орақ науқаны аяқталған шақта бұл меже де толық орындалады деп күтілуде.
Есімжан Нақтыбайұлы