KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
494.95 525.49 5.05

Сапалы тұқымнан мол өнім алынары анық

15.09.2013, 18:00 169


Катонқарағай ауданы Солдатово ауылында ШҚ облысы басшысы көршілес ауылдық округтердің шаруаларымен жүздесіп, астық жинау науқанының барысымен танысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Биыл бұл жақта да астықтың шығымы жақсы болғанын ескере келе, бір жағынан ауа райының құбылмалылығынан сақтанғандықтан, өздеріңізбен тікелей кездесіп, қандай қиыншылықтарға тап болып жатқандарыңызды білуге кел-дік. Астық мол деп қарап отыра бермей, өнімді қамбаға шашаусыз жинаудың қамын ақылдасу үшін бастарыңызды қостық, – деген облыс Әкімі әр шаруаның мәселесіне жеке назар аударды.

Биыл аудан бойынша 75200 гектар жерге егін егілген. Соның 15 мыңы – дәнді дақылды алқап. Жаздың жай-сыздығынан орақ егіске 12 күн кешігіп барып түскен. Жанармай, қажетті техника жеткілікті. Жұмыс ойдағыдай жүре берсе, орта есеппен гектарынан 20 центнерден өнім алуға мүмкіндік бар. Тек Новополяковка сынды таулы ауылдарда өнімділік мөлшері он центнерге жетпеуі мүмкін. Оған себеп – жаздың салқындығы. Жазы қоңыржай бұл ауылдарда астық әлі піспеген де. Барлық егіске орақ түсуі үшін әлі 15-20 күн күтуге тура келіп отыр. Орылған астықты сақтайтын орындар да сақадай сай. Қоймалардың сыйымдылығы 40 мың тоннаға шақ.

Сапалы тұқымнан мол өнім алынары анық– Астық шығымы жаман емес сияқты. Бірақ «Егістегі астық – астық емес» деген мақал тегін айтылмаған. Соңғы дән қамбаға түспейінше, босаңсуға болмайды. Күннің жылт еткенін пайдаланып, барынша тиімді қимылдап қалуға тырысу керек. Тұқымның сапасына мұқият мән беріңіздер. Биыл жақсы өнім алуға ауа райымен қоса, тұқым сапасының жоғарылығы да әсер еткені анық.

Сондықтан сапалы астықтың бәрін саудаға жіберіп, нашарын қалдыруға болмайды. Бірінші сұраған адамға астықты сатып жіберуге тағы болмайды. Баға мәселесінде әліптің артын бағуымыз керек. Әйтпесе, әупірімдеп жинаған өнім алыпсатарлардың қолында кетуі мүмкін, – дей келе, өңір басшысы аудандағы мал өсіміне көңілі толмайтынын жеткізді. «Аудандарыңызда 28 мың адам тұрады. Сол 28 мың адамның 175 мың бас мал ұстағаны ұят жағдай, – деді.
Шаруалар мал санының баяу өсуіне түрткі болып отырған мәселелерді алға тартты. Кедендік одақтас елдердің еті нарықты жаулауы мұндағы шаруалардың мыңғыртып мал ұстауына секем болып тұрса керек. Ауданда еттің келісі 700 теңгеге түскен. Шаруалар бұл тығырықтан шығу үшін мемлекет тарапынан үлкен көлемде ет алуды ұйымдастырса деген ұсыныстарын білдірді. Малдың терісінін өткізу одан да қиын көрінеді. Қожалық жетекшілерінің айтуынша, көбінде былтырғы тері мен жүн әлі сақтаулы тұр.

Облыс басшысы бұрынғы ет дайындау комбинаттарын қалпына келтіру арқылы шалғай елді мекендердің етіне сұраныс туғызу жоспарланып отырғанын, ауылшаруашылық өнімін саудалайтын «Фрэшмаркет» сауда үйінің жуықта ашылатынын жеткізді. Ал тері мен жүнді Абай ауданындағы өңдеу комбинатына өткізудің ұйымдасқан шараларын атқаруға болатынын айтты.

«Биыл астық бітік» шықты деген дабыраның кесірінен алыпсатарлар дән бағасын түсіруге талпыныс жасап жатқанын да айтты шаруалар. Новоберезовка ауылдық ок-ругінің шаруалары болса, жерді түгендеу шараларын тезірек өткізу жөнінде өтініштерін арқалай келіпті. Облыс басшысы кездесу соңында көтерілген мәселелердің бәрі ыңғайына қарай шешілетінін айтып, жиын-терін жұмыстарын ширата түсулерін сұрады.

Есімжан Нақтыбайұлы
Суреттерді түсірген: Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу