KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
492.22 529.38 5.03

Аламан бәйгеде Алтайдың сәйгүлігі топ жарды

19.08.2013, 18:00 189


Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Шыңғыстау жәрмеңкесі асылтұқымды мал көрмесімен қатар, ән-жыр, балуандар сайысы және ат бәйгесімен өрнектелді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шәкерім Құдайбердіұлының 155 жылдығына арналған облыстық мүшәйраның ақтық сынына 18 ақын қатысты.
Жыр додасында бас жүлде өскемендік Азамат Тасқараға бұйырса, бірінші орынды қарауылдық Арман Шеризат жеңіп алды.

Келесі күні Қарауылтөбеде балуандар күресі мен ат жарысы қызды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бұл ұлттық ойындарымызға жұртшылық көптеп жиналды. Абай елінен түлеп ұшқан даңқты балуан, белгілі жаттықтырушы, марқұм Манарбек Таутанов атындағы қазақша күрестен өткен екінші республикалық турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен тоқсанға жуық балуандар келіп қатысты.

Турнир аясында 18 тамыз – Спорт күніне орай еліміздің спорт саласында тер төгіп жүрген спортшылар мен жаттықтырушылар, спортқа қолдау көрсетіп жүрген азаматтар марапатталды. Манарбек Таутановтың шешесі Дәметкен Сіләлқызына құрмет көрсетілді.

Жуырда ғана абайлық балуан Айбек Нұғымаровтың «Қазақстан барысы» атанғаны белгілі. Мұның бәрі кейінгі жылдары Абай елінің қай жағынан болсын, өсіп-өркендеп келе жатқандығын айғақтаса керек. Осы жолғы балуандар сайысында да абайлық Мереке Тұрашев түйе балуан атанып, темір тұлпарды иеленді. Ал жетпіс келі салмаққа дейінгі балуандар арасында семейлік Қуаныш Мұратов жеңімпаз атанып, ол да жеңіл автокөлікке қол жеткізді.

Қарауылтөбе етегінде ат бәйгесі де өз сән-салтанатымен өтті. Тай, топ, жорға жарыстары мен аламан бәйгенің әрқайсысына құйрық-жалы түйілген жиырма-отыз сәйгүлік қатысты. Тай жарысында үржарлық Қанат Турлиннің тайы топ жарса, 15 шақырымдық топ жарысында көкпектілік Құмар Қапановтың, ал жорға жарысында қарауылдық Сәкен Есімжановтың жұлдыздары жанып, аттары бәйгелі болды. Бәрінен де, ат десе делебесі қозатын, қалың жұрт қатты қызықтаған аламан бәйгеде қатонқарағайлық Мәлік Мусиннің тұлпары алдына жүйрік салмай, бірінші болып мәреге жетті. Осылайша, аламан бәйгеде Алтайдың сәйгүлігі топ жарып, жеңіл автокөлікке ие болды.

Дәулет Сейсенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив