KZ
Өскемен
+6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Абай жерінде елімізде тұңғыш рет халықаралық «Шыңғыстау – 2013» жәрмеңкесі өтті

16.08.2013, 18:00 130


Абай ауданының орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен елімізде тұңғыш рет халықаралық «Шыңғыстау – 2013» жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Жәрмеңкеге Ауыл шаруашылығы ми-нистрінің орынбасары Гүлмира Исаева, Парламент Сенатының депутаты Талғатбек Абайділдин, «ҚазАгроөнім» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Боташ Күзенбаев, Ресей Федерациясы, Алтай Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сергей Огнев, Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы әкімінің орынбасары Санатбек Нұрахметұлы, сонымен қатар, Алматы қаласы және Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары-ның ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары мен кәсіпкерлері қатысты.

«Шыңғыстау-2013» жәрмеңкесінің негізгі үш бағытын атап айтуға тиіспіз.
Біріншіден, бұл ертедегі Ірбіт, Қарқаралы, Шар жәрмеңкелерін жаңғырту іспетті, оның бүгінгі заманауи жалғасы болып табылады. Екіншіден, Шығыс Қазақстан облысының соңғы жылдардағы қол жеткізген ішкі және сыртқы интеграциялық байланыстарын же-тілдіру бағытындағы келісімдерді жүзеге асыруға жасалған нақты қадам. Үшіншіден, облыстың ауыл шаруа-шылығын өркендету арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету. Осы арқылы бұл салаға мемлекеттік қолдау көрсету.


Қарауылтөбеде қарақұрым халық


Абай ауданының орталығы жанындағы Қарауылтөбеде ақ шаңқан киіз үйлер қонып, таңсәріден ән-думанның көрігі, жәрмеңке саудасы қызып сала берді. Далаға құрылған үлкен сахнаның қос қапталына жазылған қос ғұламаның сөздері де жиналған жұрттың жүрегіне жол табатын, жәрмеңкенің мән-маңызын ұғындыратын тәмсіл-ді. Абайдың «Еңбектің ебін, сауданың тегін үйреніп, оқып, мал ізде» және Шәкерімнің «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» деген өсиет сөздері шаруақорлыққа шақырып, еңбекке үндеп тұрғаны ақиқат.

Шыңғыстау жәрмеңкесі аудан өнер-паздары дайындаған театрландырылған көрініспен шымылдық түрді. Ұлтымыздың өткен тарихынан шертілген көріністер керуенін Абай ауылы бастап шықты. Одан кейін күллі қазақ жәрмеңкесінің көркі, қызығы болған Біржан сал бастаған сал-серілер сырбаз басқан жүйріктерімен әнді әуелетіп өтсе, қазақтың салтанатты салқар көші де барлық жөн-жосығымен найқала басты. Жаужүрек баһадүрлерді бастап шыққан Кеңгірбай бидің аруағы үстем, айдынды. Қыз Жібек пен Төлегендей ғашықтар легі жастықтың жалынды отын үрлегендей әсер қалдырды. Көрермендерге ұлттық киімнің ғажап сән үлгілері де ұсынылды. Жәрмеңкеде қазақ балуандарының үлкен орынға ие болғаны белгілі. Қажымұқан, Балуан Шолақтардың ізбасарлары, Шығыстың мақтанышы, биылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров бастаған Шалқар Жоламанов, Мұхит Тұрсынов сынды сайыпқырандар шыққанда барлық әлеумет қол бұлғап, үлкен қошемет көрсетті. Достық мекеніне айналған қазақ елінің кеңпейілдігі, ынтымағы орыс-славян, тау халықтары мен ортаазиялық ұлыстардың бір шаңырақ астына жиналуы арқылы көрініс тапты. Салтанатты шеруді қонақтарға қымыз бен шұбат ұсынған «Тайқазан – молшылық мерекесі» атты кер-уен аяқтады.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Шыңғыстау жәрмеңкесі-2013» асыл тұқымды мал көрмесі-аукционын салтанатты түрде ашты.

– Адамзаттың азық-түлік қажеттілігін ауыл шаруашылығы өтейді. Сондықтан әр мемлекет ауыл шаруашылығына үлкен көңіл бөледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығын үнемі назарда ұстайтынының айғағы -«Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы. Аталған бағ-дарлама арқылы ауыл шаруашылығы алға басып келеді. Бірінші рет өткізіліп отырған Шыңғыстау жәрмеңкесінің мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсарту және тиімді сату жүйесін ұйымдастыру. Бүгін жәрмеңкеге 280 мыңға жуық ірі және ұсақ мал әкелінді. Бұл сауда жәрмеңкесі барлық малдың сатылуына көмегін тигізеді деп ойлаймын. Сонымен бірге, облысымызда мал басы мен оның сапасын арттыру орайында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру. Осы арқылы бір жарым ғасыр бұрынғы Қоянды жәрмеңкесін қайта жаңғыртып, мал шаруашылығы өнімдерін өзімізде ғана емес, сырт мемлекеттерге де сатуды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Облыс басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қаржылай қолдау көрсетуге республикалық бюджеттен жыл сайын 15-16 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы өнімдері молайып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, бүгінгі таңда облыста ірілі-ұсақты мал басы 4 миллионнан асады. Бұл – мал басының кеңес кезіндегі озық шаруашылықтардың көрсеткіштерінен де асып отырғанын байқатады.

– Мал сапасын жақсарту үшін асыл тұқымды мал шаруашылығын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Жылына бес-алты асыл тұқымды шаруашылықтар ашылады, ондағы мал саны үш мыңға дейін көбеюде. Қазіргі кезде облыс аумағында 260-қа жуық мал өсіру фирмалары жұмыс істейді, – деді өңір басшысы.

Бұдан кейін облыс басшысы бастаған жәрмеңке меймандары қолөнер бұйымдары мен азық-түлік өнімдері қойылған жәрмеңкені аралады. Мұнда Катонқарағай, Зырян, Глубокое, Шемонайха сынды ара шаруашылығымен аты мәлім аудандардың бал өнімдері саудаға шығарылған екен. Бағасы да базар нарқынан әлдеқайда арзан. Әсіресе, «Ақсу-дэен» ЖШС-нің панты өнімдері, «Зимовье» омарта шаруашылығының балы өтімді болды. Әр облыстан келген қонақтар талап әкетіп жатты. Ат әбзелдері, ұлттық киімдегі қуыршақтар, сырмақтар, қоржындар, киізден жасалған бұйымдар, кәдесыйлар және тағы басқа жеке шеберлер мен ісмерлердің бұйымдары көздің жа-уын алады. Семейден келген «Ділназ» тігін шеберханасының қожайыны Мейрамгүл Темірханова теріден жасаған торсығын 4 мың теңгеге бағалап тұр. Әдетте, көрнекі кәдесыйға жататындықтан қала дүкенде-рінде екі есе баға қосылатыны белгілі.
Қонақтар облыс көлемінде мал шаруашылығын дамыту тәжірибесімен танысты. Соңғы жылдарда байқалған өңірдегі өнім көлемінің күрт өсімі қызықтырмай қалған жоқ. Мысалы, облыста екі жыл бұрын әр ауданға шаққанда 4 мың тонна ет өндірілетін болса, биыл бұл көрсеткіш 5 700 тоннаға жетті. Облыс басшысы, әсіресе, «Жайлау» бағдарламасының тиімді екенін жеткізді.

Бұл бағдарлама осыдан 4 жыл бұрын республикада алғаш рет Шығыс Қазақстанда қолға алынды. Бағдарламада пайыздық үстеме жоқ, алған қаржыны үш жылдың ішінде қайтарса болғаны. Бұл – малшылар үшін үлкен көмек. «Ертіс» ӘКК арқылы
малдың басын көбейту үшін ауыл тұрғындарына аз пайызбен несие беріледі. Биыл корпорация көмегімен 8 мың мал алуға несие берілді. Бұл өз нәтижесін беріп жатқандықтан келешекте де жалғаспақ. Екінші, Үкімет екі жыл бұрын қабылдаған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы облысқа әкелінетін мал саны көбеюде. Өткен жылы басқа елдерден 11 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелініпті. Облыс басшылығы биыл да осы межеден көрінуді жоспарлап отыр.

Облыс әкімі құзырлы қонақтарға Қарауылтөбенің ауқымды бөлігіне жайғасқан асыл тұқымды мал көрмесі-аукционын таныстырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановтың айтуынша, аукционға 184 мың қой, 4600 ірі қара, 4400 жылқы шығарылған екен. Сатушылар мен алушылар арасындағы келісімшарттар ертеңгілік басталып кеткен.

Думан Анаш
Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив