KZ
Өскемен
+26°
ясно жел 1 м/с, С
467.29 501.03 5.35

Өскеменде «Қазақстан оқушысы-2013» велокөпкүндігі салтанатты түрде ашылды

5.08.2013, 18:00 84


Шығыс Қазақстан облысы орталығындағы Республика алаңында 44-ші халықаралық «Қазақстан оқушысы-2013» велокөпкүндігі салтанатты түрде ашылды. Биыл бұл айтулы шара «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» ұранының аясында жалғасып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Еліміздің велошабандоздарынан құралған 18 командамен бірге Өзбекстан Республикасының құрама командасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев құттықтады. Спортшыларға ақ жол тіле-гендердің арасында елімізбен қатар шет мемлекеттерге танымал әйгілі велоспорт бапкері Сергей Муравьев, Ұлттық велоспорт федерациясының атқарушы директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Александр Антышев бар.

– Биыл осымен 44-ші веложарыстың тұсауын кесіп отырмын, дәстүрге айналған дәл осы спорттық шараның арқасында 15 әлем чемпионының жұлдызы жарқырағанын мақтанышпен айтқым келеді. Андрей Кашечкин, Андрей Кивилев сияқты «Тур де Франс» сайысының жеңімпаздары ең алғашқы спорттық жолын осы жарыстан бастаған болатын. Александр Винокуров алғашқы медальдарын «Қазақстан оқушысынан» таққан болса, кейінгі медальдар әлемдік деңгейдегі бәйгелер мен олимпиадалардан бұйырды. Бұл сайысты «шағын велосипед академиясы» деп атасақ та артық емес. Бүгінгі жас спортшылар-дың арасында да көптеген болашақ олимпиада чемпиондарының бар екендігіне күмәнім жоқ, – деді өзінің құттықтау сөзінде Александр Антышев.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар жарыс ең алғаш Алматы қаласында өткен екен. Содан бері велокөпкүндіктер үздіксіз жалғасын тауып келеді. Осыншама уақыттың ішінде бұл сайыста 6 мыңнан астам спортшы өнер көрсеткенін айта кетелік. Ең ауқымды сайыс 1982 жылы өткен, оған 39 командадан 219 жас велошабандоз қатысқан. Бұл жолғы бәйгеге велосипедтерін жетектеп, 120 бала келіпті. Олар 1995-1996 жылдары туылған спортшылар, олардың арасында былтырғы жарысқа қатысқандар да бар.

– Біз балаң спортшыларымыздың болашағына сенеміз. Биылғы жарыстың ауқымын біршама кеңейтіп отырмыз, тасжолдағы жарыстармен қатар трек, маутинбайк сияқты ерекшеліктерді мысалға келтірсек болады, – дейді облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев.

Шеру аяқтала келе, жарыстың алғашқы номинанттары да анықталып жатты. «Астана-1» командасының шабандоздары Г.Штейн мен Г.Боцан «Тау патшасы» аталымына лайық деп танылды, «Белсенді шабандоз» аталымына жамбылдық спортшы Шәкір Әділовтен артық ешкім болмады.

Ақтөбелік Евгений Гидич Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды. Бұл жас велоспортшылардың көрсеткен алғашқы аралық көрсеткіштері ғана, бәйгенің жеңімпаздары алдағы күндері анықталады.


Дарын Нұрсапаров
Суретті түсірген Ғ.Сәбитов

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив