KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 4 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Семей полигоны белдеуіндегі жайылымдар заңдастырылса деп отыр

30.07.2013, 18:00 422


Шығыс Қазақстан облысының Әкімі Бердібек Сапарбаев Абай ауданындағы үш тірек ауылдың бірі Саржалда жұмыс сапарымен болып қайтты. Ауыл тұрғындары Семей полигоны белдеуіндегі жайылымдар заңдастырылса деп отыр.

– Әр шаруа қожалықтарының өзіне тиесілі жері бар. Бірақ, біз үшін негізгі мәселе – полигон аумағына жататын жайылымдарды заңдастыра алмай отырғанымыз, – деді ауыл әкімі Қуат Қалиев. Жылқы малының қасиеті сонда, оның еті мен сүтіне радиация еш дарымайтындығы ғылыми тұрғыда дәлелденді. Әйтсе де, полигон белдеуіндегі жайылымдар үшін құжат мәселесі шешімін таппай отыр.

Ауыл ақсақалы Бейсен Нұрғалиевтың айтуынша, Саржалдан төрт шақырым әрі қарай полигон аумағы басталатындықтан, фермерлерді жайылым мәселесі қинайды. Облыс Әкімі полигон аумағының біраз бөлігі жатқан Павлодар және Қарағанды облыстарының басшыларынан аталған жерді сұрағанын, Абыралы ауданын қайта құру туралы Елбасына өтініш айтқанын, бос жер пайдалануға берілсе, фермерлер мал өсіріп, жерді несиеге қойып, тіршілік қылатындарын, Қаражыра көмірінен басқа қазбасы игерілмей жатқан аумаққа жан бітетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, Курчатов қаласын аудан орталығы ретінде құруды ұсынған еді. Өйткені, Курчатовтың ғылыми әлеуеті зор. Аталған мәселелер қазір қарастырылу үстінде.

Ауылды жанай өтетін Семей – Қайнар тас жолының жиегінде Сәлім Әкімбаев есімді ауыл кәсіпкері дәмхана ашқан екен. Таңғы 8.00-ден кешкі 23.00-ге дейін жұмыс істейтін дәмханада саржалдықтар өндірген қымыздан дәм татуға болады. Жол жиегіндегі дәмхана жолаушы біткеннің түстеніп қана қоймай, қымызбен сусындап, шөл басуына өте оңтайлы. Қызметкерлері Гүлназ Қарымсақова мен Гүлнәр Жақсығұлованың айтуынша, дәмханада күн сайын 20 литрден астам қымыз саудаланады. Қымыздан дәм татқан жолаушылар сусынды құйдырып, өздерімен бірге ала кетеді. Сонымен бірге, кәсіпкер биыл дәмхана жанынан дөңгелек жөндеу цехын ашыпты. С.Әкімбаев жұмысшыларына жалақыны еңбектің өтіліне қарай төлейді екен.

73 жастағы ауыл ақсақалы Әбдеш Қарымсақов екі үйір жылқы бағып отыр. Осы жазда 10 бие байлапты. Күні бойы ат үстінде жүретін ақсақал әлі тың, сергек. Мәпелеп өсірген жеті баласы еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүр. Ұлы Бейсеш жылқы бағуға көмектессе, келіні Гүлнұр бие сауады. Биебауға екі сағат сайын әкелінетін биелер таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін сауылады. Әбдеш қария күніне 20 литр қымызын қалаға өткізеді. Литрін 400 теңгеге бағалайтын қымыз бір отбасының әжептәуір табыс көзіне айналған.

Думан Анаш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив