ШҚО-да папилломавирусқа қарсы егілген қыздар саны 400-ге тақады
Шығыс Қазақстанда адам папилломавирусына қарсы вакцинация туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Вирустың онкогендік штамдары ауыр дертті – жатыр мойны обырын тудыратыны ғылыми дәлелденген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Д. Серікбаева атындағы ШҚТУ-да білім беру саласының қызметкерлері үшін өткен семинарда адам папилломавирусының қаупі және одан қалай қорғануға болатыны туралы айтылды.
Жатыр мойны обыры – вакцинация арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкопатология. Семинарда ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының маммология және онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Серік Мұхамеджанов атап өткендей, Қазақстанда қолданылатын «Гардасил» вакцинасы әлемнің 140-тан астам елінде тіркелген және белсенді қолданылады.
– Қыздарды АПВ-ге қарсы вакцинациялау енгізілген елдерде жатыр мойны обыры аз тіркеледі – 100 мың тұрғынға шаққанда 4 жағдай. Ал Қазақстанда – 19 жағдай. Біз әйелдердің дені сау және аурудан қорғалғанын қалаймыз. Ол үшін қазір нақты шаралар қабылдау қажет, – деді ол.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сләмғазинаның айтуынша, вакцинация басталғаннан бері 10 күнде өңірде 396 қыз вакцина салдырған. Вакцинация ата-аналардың келісімімен мектептер мен медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде жүргізіледі.