Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде Қорғаныс министрлігіне қарасты «Армия» орталық спорт клубының ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік армия спорты кеңесінің және Қазақстан дзюдо федерациясының қолдауымен дзюдодан әскери қызметшілер арасындағы 35-ші әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жарысқа 28 мемлекеттен 200-ден астам балуан қатысты. Бұл жарыста қазақстандық спортшылар жақсы өнер көрсетті. 57 келі салмақта татами үстіндегі аса тартысты өткен айқастарда өскемендік балуан, кіші сержант Алина Тен жеңіске деген құлшынысымен қола медальді жеңіп алды. Ол 2011 жылы Бүкіләлемдік бесінші әскерилер ойындарында да қола жүлдегер атанған болатын.
Алина дзюдомен он жасынан бері айналысып келеді. Содан бергі аралықта еліміздің бес мәрте чемпионы атанды. Қазақ спорт және туризм академиясын және осы оқу ордасында магистратураны үздік бағамен бітірген Алина былтырдан бері докторантурада оқып жүр.
Ел намысын әлемдік додада үш құрама, 21 спортшы қорғады. Чемпионатта 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Елдос Жұмақанов алтын медальді иеленді. Елдос бұған дейін Азия чемпионатының қола жүлдегері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер достас армияларының ІХ спартакиадасының жеңімпазы болған.