Жыл басынан бері облыстық прокуратура тарапынан кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында 45 тексеру жүргізіліп, 700 заңбұзушылық анықталған. 58 жауапты тұлға жазаға тартылып, бір қылмыстық іс қозғалған. Бұл жайында облыс әкімінің селекторлық кеңесінде облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов мәлімдеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Тексерулер барысында бірінші жартыжылдықтың жоспарына 608 нысанды тексеру негізсіз енгізілгені белгілі болып, жауапты алты адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мұндай заңсыздықтар Өскемен, Семей, Курчатов қалалары мен Аягөз, Зайсан, Бородулиха аудандарында тіркелген.
Прокурордың рұқсатынсыз, өз бетімен тексеруге шығушылар әлі де болса тыйылмай келе жатқан сыңайлы. Қаржы полициясының жедел және іздестіру қызметкерлері тарапынан 96 нысаннан прокурор санкциясынсыз ақпарат талап еткен 29 оқиға анықталған.
21 жасқа толмағандарға алкогольдік өнім сатушыларды анықтау барысында тексеру тағайындау туралы тиісті акт жасамастан әрекет ету оқиғалары да бар. Бүгінге дейін 177 заңсыздық тіркеліп, тиісінше шара қолданылуда.
Қаржы полициясы қызметкерлерінің заңды кәсіп иелерінің жұмы-сына кедергі келтіріп, пара талап ету оқиғалары биыл да байқалып отыр. Осы мазмұнда тоғыз бірдей қылмыстық іс қозғалып, сегіз лауазымды тұлға қылмыстық жауапқа тартылыпты. Олардың арасында қаржы полициясы қызметкерлерінен бөлек ауылдық округ әкімі, ветеринарлық инспектор, аудандық жер бөлімінің бастығы сынды түрлі сала өкілдері бар.
Осындай заңсыздықтарға тыйым болуы үшін облыстың бизнес-қауымдастықтарымен бірге әрекет ету мақсатында қоғамдық кеңестер мен жедел топтар құрылған. Прокуратураның сенім телефонына заңсыз тексеріс жөнінде хабарлаушылардың бар болуы тексеруші органдардың кейбір қызметкерлері әлі де аяқтарын жия қоймағанын көрсетсе керек.
Облыстық шағын және орта бизнес жұмысшыларының аймақтық кәсіподақ төрайымы Галина Казанцева болса жоспарсыз тексерулердің титтей де азаймағанын алға тартты.
Тіпті, ол мұндай заңсыз тексерулер жергілікті атқарушы билік пен жекелеген адамдардың нұсқауымен жүргізілетін кездері жиі екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, өте шағын бизнес нысандарының мүшкіл халіне аяныш білдірді.
– Аяқтан тұрып, жағдайын түзеп алған кәсіпкерлер өз-өзін қорғауға біршама қабілетті болса, шағын нысандар үшін мұның өзі үлкен мәселе. Мұны қадағалаушы органдардың қызметкерлері де жақсы біледі. Сол себепті шағын бизнес нысандары көп зардап шегуде, – дейді Галина Казанцева. Ол әділет департаментінің интеллектуалдық меншікті қорғау ісінде сылбыр қимылдап отырғанын баяндай келе, «Юбилейный» кино-театрының төңірегінде туған дауды мысалға алды. Оның айтуынша, жергілікті әділет департаменті Өскемендегі ең көне кинотеатрдың мүдделерін тиісінше қорғай алмаған.
Облыс басшысы қадағалау органдарына мұндай даулы мәселелерде облыстың мүддесін ескере әрекет ету керек деген ой айтты. Алайда кез келген әрекет заң аясында болуы шарт екенін де ескертті. Ал аудан және қала әкімдеріне кәсіпкерлерге жер телімін беру және мемлекеттік сатып алу шараларында аса сақ болуды тапсырды. Жер телімін үлестіру мәселесінде, әсіресе, Өскемен, Семей қалалары мен Бородулиха, Глубокое аудандарында тәртіпсіздіктер орын алған. Ал мемлекеттік сатып алу мәселесінде жыл сайын бір кемшіліктің қайталануы басшылардың салғырттығынан екенін ескерткен облыс әкімі бір рет жіберген қателіктен қорытынды шығару қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ, көрнекі ақпараттардың, соның ішінде, сауда-саттық жарнамаларының мазмұнына мән беріп, тәртіпке келтіру де әкімнің бір міндеті екенін жеткізді.
Есімжан Нақтыбайұлы