KZ
Өскемен
+2°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
439.43 473.31 4.82

Ұлы Абайды ұлықтау - парызымыз

27.06.2013, 18:00 127


Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының «Абайды танып, біл!» акциясы аясында арнайы партиялық жобаның тұсаукесер рәсімі өтті. Ол баспасөз мәслихатымен басталып, дөңгелек үстел отырысына жалғасты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– «Киелі мұрамызға – тағзым» республикалық акциясының аясында ұйымдастырылып отырған бұл шараға үлкен-кішінің бәрі бірдей атсалысуда, – деді Абай қорықмұражайының директоры Жандос Әубәкір. – Ұлы Абай мұрасын көпшілікке таныту, оның әдеби ортасын, шәкерімтану, мұхтартану, алаштану мәселелерін өскелең ұрпаққа насихаттау – біздің парызымыз. Абай әлемі арқылы жастарға патриоттық рух пен рухани тәрбие беру – осы шараның мақсат-мұраты.

Дөңгелек үстелді «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков ашты. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық-заң факультетінің деканы, профессор А.Еспенбетов, республикалық «Абай» қорының президенті Б.Ерсәлімов, «Абай» журналының редакторы, ақын М.Оспанов, Семей қалалық «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі О.Соғымбай өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел отырысы әрқилы пікірлермен жалғасын тауып, қаладағы ақындар орталығының жетекшісі Д.Омарбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері Н.Байсарина, Өскемендегі «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық
клубы филиалының президенті Л.Әбдіғалиева, №16 орта мектеп тәрбие ісінің меңгерушісі Г.Құнафина шығып, абайтану турасындағы ойларын айтты.

– Абай өз халқының мүддесiнен әрi асып, бүкiл адамзаттық деңгейге жеттi. Оған хакімнің «Әкенiң баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген сөздерi куә. Ол осылайша «басқа халық та бауырың, басқамен де тату бол» деп тұрған жоқ па? – деді отырысты қорытындылаған Т.Түсіпбеков.

Абай қорық-мұражайы мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ұйымдастырған осынау акция түрлі жаңа іс-шаралардың дүниеге келуіне, сөйтіп, небір көкейкесті мәселелерді шешуге ықпал етері сөзсіз. Партияның «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасында мәдениет пен рухтандыру – біздің құндылықтардың, менталитеттің және мінезіміздің негізі деп атап айтылған. Сондықтан да партия Абайды насихаттауға әрқашан ерекше көңіл бөлетін болады.

Раушан Нұғманбекова

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив